Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

«30 мың теңге жалақыға істеу қиын»: Қазақстандағы спорт мәселесі

Бейжің олимпиадасындағы жеңіліс үшін бірнеше бапкер қызметінен босатылатын болды, деп хабарлайды Paryz.kz, Stan.kz-ке сілтеме жасап. 

«30 мың теңге жалақыға істеу қиын»: Қазақстандағы спорт мәселесі
Сурет: ашық дереккөз

Дүбірлі додаға қатысқан 34 спортшының құр алақан қайтуына 10 жылдап еңбек еткен жаттықтырушылар жауап беруге тиіс.

Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Щучьедегі олимпиада спортшыларын даярлау орталығында өткен қорытынды жиында осылай деді. Алайда бапкерлер жеңілістің басты себебі – ақшаның аздығы мен спорт кешендерінің жетіспеушілігі дейді.

Щучьедегі спорттың қысқы түрлерінен олимпиадаға даярлау орталығы. Үш жыл бұрын бюджеттің 38 млрд теңгесіне салынған. Биіктігі 82 метр трамплин де осы жерде.

Бапкерлер жеңіс күткен жанкүйерлерінен кешірім сұрады. Сондай-ақ кездесіп отырған проблемаларын да айтты.  Мәселен, спорттың енді ғана дами бастаған түрі – шорт-тректен даярлық өткізетін  жабық жарыс жолдары жоқ. Жаттықтырушы табу қиын.  Айтуларынша, 30 мың теңге жалақыға кез келген адам келіспейді екен.

“Жалпы елімізде қысқы спорт түрлері бұқаралық дамыды деп айта алмаймыз. Фристайл могул, фристайл акробатика деген спорт 1-2 өңірде ғана дамыған. Жасөспірімдер мен біздің жаттықтырушылар айналысқысы келмейді. Қазір сараптама жасап көрсеңіз, көбі зейнеттегі немесе зейнет жасына жақындаған жаттықтырушылар. Жастар келгісі келмейді. Өйткені жалақысы өте төмен”, – дейді ҚР ҰОК спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов.

Тағы бір басты мәселе – олимпиадалық резерв. Спортшыларымызды кәсіби түрде даярлауға, олимпиадалық резерв қалыптастыруға білікті бапкерлер керек. Жасөспірімдердің спортпен шұғылдануы үшін жергілікті жердегі бұқаралық спортты дамыту қажет деді спорт министрі. Ал төрт жылдықтың басты додасында әлем алдында елімізді жерге қаратқан жеңіліс үшін бапкерлер де жауап бермек.

“Ең басты бапкер нәтижеге жауап береді. Дұрыс қой. Ондай нәтиже болмаса, екі-үш жылдан асып кетті. Көп бапкер 10 жылдан бері нәтиже көрсетпей келе жатыр. Кетуі заңды нәрсе. Орнына жаңа адамдар келіп, олар спортты жаңа деңгейге көтереді деп сенеміз. Мен айтып отырған 5-6 бапкер жұмыстан кететін шығар деп ойлаймын”, – дейді мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Жанкүйерлерді жерге қаратқан бапкерлердің аты-жөнін министр атап беруге де дайын болған. Бірақ түртіп алғаны қойынкітапшасында қалған екен. Жаңа министр спорт саласын кешенді түрде дамытуды қолға алмақшы. Оның нәтижесін  Парижде өтетін жазғы, 2026 жылы Миланда өтетін олимпиадаларда көреміз.