Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Италияны 4:1 есебімен ұтып, "В" тобында бірінші орын алды, деп хабарлайды Paryz.kz, massaget.kz-ке сілтеме жасап.
Топтағы шешуші ойында отандастарымыз маңызды жеңіске қол жеткізді. Бірінші болып 6 минутта Біржан Оразов есеп ашты. Араға үш минут сала Азат Валиуллин нәтижені еселеді. Одан кейін Арнольд Кнаубта есепті еселейтін мүмкіндік болған. Есеп өзгермеді. Керісінше, 13 минутта Дуглас Николоди Италияның ойындағы жалғыз голын соқты.
Екінші таймда Италия құрамасы шабуылды үдетті. Кака жаттықтыратын Қазақстан құрамасы сәтті қорғана білді. Қорғанып қана қоймай, есепті еселей түсті. Біржан Оразов дубль авторы атанса, төртінші голды Дуглас Жуниор өз еншісіне жазды.
3 ойында 7 ұпай жинаған Қазақстан құрамасы бірінші орын алды. 31 қаңтар күні "А" тобында екінші орын алған құрамамен кездеседі.
Қазақстан құрамасы өз тарихында үшінші рет Еуропа чемпионатының плей-офф кезеңіне шықты. Осыған дейін 2016 және 2018 жылдары бұл жетістікті бағындырған.