Маңғыстау облысы Ақшұқыр ауылында мектеп мұғалімінің 1-сынып оқушысының бетінен шапалақпен ұрған сәті бейнебақылау камераларына түсіп қалды, деп хабарлайды Paryz.kz, Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Педагог жүмыстан босатылды, дегенмен қыздың анасы мұғалімді одан да қатаң жазаға тартуды көздеп отыр. Қыздың анасының айтуынша, оқиға 11 сәуір күні болған. Дегенмен ол өз арызына мектеп директоры мен өңірдің білім беру сапасын қамтамасыз ету департаментінен ресми жауапты тек 3 мамыр күні алған.
Жарияланған видеолардан мұғалімнің дәлізде жүгіріп келе жатқан қызды тоқтатып, бетінен шапалақпен ұрғанын көруге болады. Алайда гимназия директоры жауап хатында педагог оқушыны ұрмағанын, тек "ол жүгіргенде құламас үшін ұстағанын" мәлімдеді. Ал өңірдің білім беру сапасын қамтамасыз ету департаменті мұғалім 12 сәуір күні қатаң сөгіс алғанын, ал 14 сәуір күні жұмыстан босатылғанын хабарлаған. Бірақ жұмыстан босату себебін көрсетпеген.
Оқушының анасының сөзінше, мұғалім директормен және оқытушылық құраммен сөйлескенде "сол күні көңіл-күйі болмағанын" айтқан. Бірақ бізден кешірім сұраған жоқ дейді ол. Қыздың анасы аталған жайттан кейін мұғалім мектеп қабырғасында тағы екі күн жұмыс істегенін, одан соң өз еркімен жұмыстан кеткенін де атап өтті. "Яғни, директор мұндай мұғалімдердің әрекетін жасырып отыр. Өйткені мұғалімді қандай баппен жұмыстан шығарғаны белгісіз. Демек, ол бір жылдан кейін ол бұрынғы қызметіне қайта оралып, балаларды оқытуын жалғастырады. Мен бұған жол бермеймін. Оны оқытушылық қызметпен айналысу құқығынан айыру керек",- дейді келіншек.
Қазір қыздың анасы Білім және ғылым министрлігіне арыз дайындап жатыр.