Журналист Кенжегүл Тергембай өзінің Facebook-тегі парақшасында Нұр-Сұлтан қаласындағы Республикалық балаларды оңалту орталығында баласы ем алып жатқан ананың шағымын жариялады деп хабарлайды Paryz.kz.
Шағымданушының айтуынша, Тұран көшесінде орналасқан Республикалық балаларды оңалту орталығында балаларға берілген тоқаштан тышқанның баласы шыққан.
«Сол жерде жатқан бір ана уланып, жұқпалы аурулар ауруханасына жөнелтілген. Тағам сапасының өте нашар екенін айтып, ата-аналар шағымдануда. Өткен жолы сасып кеткен котлет берген. Онда «қойшы, олар да бір-бір отбасын асырап отырған қызметкерлер ғой» деп шағымданбағанбыз. Мынау енді шеттен шыққандық», – дейді шағымданушы.
Facebook-тегі посттың астындағы комментарийлерге үңілсек, Шолпан Бүлекбаева есімді желі қолданушы келесіні хабарлады:
Қайырлы түн! Бұл тоқаштарды өзіміз пісірмейміз, оны тамақтандыру бөлімі сатып алады. Бұл - тышқан емес, тарақан, бірақ, әрине, бұл ештеңені өзгертпейді. Ертең бұл тамақ сатып алынған ұйымға хабарласамыз. Өнімдерге толық сертификаттар бар, - деді.