Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

"Төзіміміз таусылды": Шымкентте мұғалімдер мектепте негізсіз ақша жиналатынын айтты

Мектеп директорының орынбасары мұны "бәлеқор" санаулы мұғалімнің әрекеті деп отыр.

"Төзіміміз таусылды": Шымкентте мұғалімдер мектепте негізсіз ақша жиналатынын айтты
фото: видеодан скриншот

«Негізсіз алым-салықтан шаршадық!». Шымкенттегі жалпы білім беретін орта мектептердің бірінің мұғалімдері бүгін бас көтерді. Мектеп әкімшілігі тарапынан негізсіз ақша жиналатынын ашына жеткізді. Ұстаздар мұндай жағдай жылдар бойы жалғасып келе жатқанын айтты.

Айына тіпті 20 мың теңгеге дейін мектеп қажеттілігіне қаржы жинайтын көрінеді. Білім ошағына есімі берілгелі жатқан ақын Фариза Оңғарсынованың мүсінін орнатуға, 5 мың мен 20 мың теңге аралығында ақша жинау - шыдамның шегі болды дейді.

Біздің төзіміміз таусылды. Фариза Оңғарсынованың бюстін орнатуға деп мәжбүрлі ақша жинау басталды. Бастапқыда 5 мың теңгеден ерікті түрде бердік. Бірақ ол ақша жетпей, бізді қыспаққа алды. Ақыр соңы «қарызсыңдар» дегенге келтірді. 20 мыңнан беруге көбі келіспеді. Қарсылық білдіргенім үшін менің сағатымды қысқартып, сыныбымды алып қойды, - дейді № 28 жалпы білім беретін мектептің мұғалімі Мариям Абдраимова.

Мен осы мектепте 2013 жылдан бері дене шынықтыру пәнінің мұғалімімін. Жоқ дегенде айына 7-8 мың, 20 мыңға дейін жиналады айына, жоқ дегенде бір айда бір мұғалімнен. Мың теңгеден жинайды, 500 теңгеден жинайды, 5 мың теңгеден. Анау дейді мынау дейді, комиссия дейді, үйтеді бүйтеді бірақ олардың біреуінде көрмейміз, - дейді мұғалім Елдос Абишев.  

Жиналғандар қазір мектепте көзге шыққан сүйелдей болдық деп тұр. Мектеп басшысы ақшаны тікелей өзі емес, қасындағы көмекшілері арқылы жинатады дегендер Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікке арыз түсірген. Мектеп директорының орынбасары мұны "бәлеқор" санаулы мұғалімнің әрекеті деп отыр.

Егер ойлары ашық, анық болса мектепке шақырып, барлық 147 мұғалімді шақырып алып жиналыста неге айтпайды олар?! Неге ана жақта тығылып айтады. Үш-төрт адам отырып алып, өздерінің аузым бар деп сөйлесе, қолым бар деп жазса..онда не болады біздің мемлекетімізде..Біз білім беретін адамдармыз, сондайға баруға ұят тірлік деп ойлайм, - дейді № 28 жалпы білім беретін мектеп директорының орынбасары Роза Молдабекова.