Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Менің келісімімсіз болды": Шымкентте тұрғындарды жаппай "вакциналап" тастапты

Денсаулық сақтау басқармасынан да жауап жоқ.

"Менің келісімімсіз болды": Шымкентте тұрғындарды жаппай "вакциналап" тастапты
фото: ашық дереккөз

Шымкентте тұрғындар екпе салдырмаса да, вакцина алғаны жайлы SMS-хабарлама келгенін айтады. Ал қазір Ashyq қосымшасында "жасыл" деңгей көрсеткен. Өз келісімдерінсіз "вакцина алған" тұрғындар бұл үшін жауапқа тартыламыз ба деп қорқатынын да айтады деп хабарлайды Paryz.kz, 31-телеарнаның "Информбюро" жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап. 

Қала тұрғындары өздерін жалған вакцина паспорты үшін жазаға тартылуы мүмкін деп қорқады. Алайда бұған олардың мүлде қатысы жоқ. Вакцина салдырғаны жайлы 1414 нөмірінен хабарлама келген кезде ғана білгенін айтады олар. Кейбіріне денсаулығына байланысты вакцина алуға тыйым салынған екен. Мысалы, Маргарита Ерғалиева есімді Шымкент тұрғыны баласын емізіп отырғанда "Спутник V" препаратының бірінші дозасын алғаны жайлы білген. Яғни Маргаритаға екпе алуға мүлде болмайды. 

Енді вакцинациялауға қалай барамын? Вакцина төлқұжаты бар, маған енді вакцина салмауы да мүмкін. Менің келісімімсіз болды. Енді шағым түсіріп, кінәлілерді іздеймін, - деді Маргарита Ерғалиева. 

Жалған вакцинациялаудан өзге де зардап шеккендер бар. Лариса Шадринаның айтуынша, денсаулығына байланысты екпе салдырмаған. Бірақ бірнеше апта бұрын вакцина алғаны жайлы хабарлама келген екен. 

Сабырға келуге де болатын еді. "Жасыл" деңгей ғой қайткенменде. Алайда құқық қорғау органдары мені заң бұзды десе ше? Ал мен ешқандай заңды бұзбадым және бұзбаймын да, - дейді Лариса Шадрина.

Дәрігерлер вирус жұқтырғандардың көбі вакцина төлқұжатын сатып алғандар дейді. Бірақ өз еркінен тыс вакцина құжатын алғандарға не боларын ешкім білмейді. 
Кейіпкерлердің біріне төлқұжат берген емхана бұл жағдайға байланысты пікір білдірмеген. Денсаулық сақтау басқармасынан да жауап жоқ. Тек істің мән-жайын анықтауға уәде берген.