Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Қайрат Нұртас қонақ боп келген тойға мониторинг тобы кіріп келді (ВИДЕО)

Әншіні көлеңкелеуге тырысқан күзетшілер тілшілерге тап беріп, операторға шабуыл жасап, камераны сындыруға тырысқан...

Қайрат Нұртас қонақ боп келген тойға мониторинг тобы кіріп келді (ВИДЕО)
Фото: видеодан скриншот

Алматыда мереке күндері жұмысын тоқтатпаған тағы бір мейрамхана анықталды. Мониторинг тобы мен қалалық штабтың мамандары бірлесіп, көңіл көтеретін орынның ішіне 3 сағат дегенде әзер кірді. Ең қызығы, карантин талаптарын сақтамаған қонақтардың арасында елге танымал әншілер мен әртістер де бар. Бұл туралы Almaty.tv хабарлады, деп жазды paryz.kz.

Мейрамхана ішіндегі қызметкерлер мониторинг тобының келгенін білсе де, есігін ашпаған. Штаб мамандары сол жерге арнайы электрик шақырып, жарық жүйесін кесіп тастауға тура келген.

Оқиға Медеу ауданында болған. Тексерушілердің бәрі аяғынан тік тұрып, есікті ұзақ уақыт ашпаған мейрамхананы 3 сағат қоршауда ұстады. Бір қарағанда мейрамхана жабық сияқты. Терезелерін қараңғылап тастаған, бірақ сыртында көлік көп. Бір көліктің иесі жол ережесін өрескел бұзып, машинасын қалай болса солай қоя салған. Мамандар эвакуатор шақырып, көлікті алдырып тастады.

Сол кезде күтпеген жерден іштегі қонақтардың бірі есікті ашқан. Іштегі қонақтардың бәрі бұрыш-бұрышқа тығылып, мониторинг тобынан жалтармақшы болған. Алайда ешкім құтыла алмады. Ең қызығы, олардың арасында танымал әнші Қайрат Нұртас та бар. Әншіні көлеңкелеуге тырысқан күзетшілер тілшілерге тап беріп, операторға шабуыл жасап, камераны сындыруға тырысқан.

Штаб мамандары жарықты қосып, іштегі барлық бөлмені аралап шықты. Ол жерде туған күн тойлап жатқанын байқауға болады. Сондай-ақ пандемия кезінде қатаң түрде тыйым салынған қор-қор да шегілген. Іздеу жұмыстары аяқталған соң мейрамхана қонақтары қызметтік көлікке отырғызылып, біртіндеп полицияға жеткізілді. Сонда да қарсылық танытқандар болған.

"Өздеріңіз көргендей, бұл мейрамханада адам саны өте көп. Олар карантин талаптарын бұзғаны аздай, жол ережесін де сақтамаған. Көліктерін жолға дұрыс қоймаған. Қазір қалада тексерістің күшейтілгенін тағы да ескерткім келеді. Денсаулығымызды ойлап, үйде отырайық. Рейд жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді", - деді СЖҚК агенттігі жанындағы арнайы республикалық мониторинг тобы төрағасының орынбасары Рафаэль Гасанов.

Тағы оқи отырыңыз: Карантин: Қайрат Нұртас Семейдегі тойда ән айтып жүр

Анықталғандай, кәсіпкерлік нысанда 200-ден астам адам болған. Барлығы Медеу аудандық полиция басқармасына жеткізіліп, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабы бойынша хаттама толтырылды. Келушілер мен мекеме қызметкерлеріне 87 мың көлемінде, кәсіпкерге 670 мың теңге шамасында айыппұл салынды.

Әншінің өзі (Қайрат Нұртас - ред.) мейрамханаға бір кісіні құттықтау үшін кіргенін айтып, жағдайды түсіндірді.