Танымал әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қарақат Әбілдина жолдасы, продюсер Қыдырәлі Болмановтың денсаулығы жайлы алғаш рет ашық айтты, деп хабарлайды paryz.kz.
Әнші журналист Әйгерім Сейфолланың "Сырласу" бағдарламасына қонақ болып, отбасындағы қиын кезеңдер туралы сөз қозғады.
"Қыдыкеңнің денсаулығы сыр бергені жасырын емес. Соңғы 2-3 жылдан бері түрлі сынақтардан өтіп келеміз. Былтыр Германияға барып, емделіп келді. Толығырақ айтып жатпай-ақ қояйын, бұл — отбасымызға қатысты дүние. Бірақ дер кезінде жақсы дәрігерлерге жолықтық, медициналық көмекке жүгіндік", – деді әнші.
Сұхбат барысында Қарақат Әбілдина өзі де алтыншы сәбиін босанған соң ауыр күйзеліске түскенін жасырмады.
"Пандемия кезінде анамнан айырылдым. Арада екі ай өткенде қызымды дүниеге әкелдім. Үйде бәріміз бірге болдық. Сол кезде күйзеліске түскен кезім болды. Оны Қыдыкең байқады. Түркияға алып барды. Ішімдегі мұң мен көз жасымды теңізге тастап, жеңілдеп қайттым", – дейді әнші.
Қарақат Әбілдина қазіргі таңда отбасылық құндылықтарды сақтап, шығармашылық жұмыстармен қатар, рухани дамуға да көңіл бөліп жүргенін атап өтті.