Айтыскер ақын Айнұр Тұрсынбаева "SAAD" отандық желілік маркетинг компаниясын ашты, деп хабарлайды Paryz.kz.
Ақынның досы Балғынбек Имашовтың айтуынша, компанияның құрылтайшылары Тұрсынбаеваның бір туған бауырлары.
«Тұңғыш Отандық желілік “SAAD” компаниясының құрылтайшылары — бір туған бауырлар Дархан, Ардақ, Айнұр! Бүгін үлкен оқиға: Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы Спорт Сарайында жаңа компанияның тұсаукесері өтуде. Ата-анасын шығарып батасын алуы, Алатау Серілерінің рухты әнімен кештің басталуы сондай орынды әрі тағылымды болды. Тамара Асардың әндері осы кештің шырайы, сәні мен салтанаты болды. СААД компаниясы — мыңдаған адамдарға табыс көзі, жүзмыңдаған адамдарға сапалы өнім, миллиондарға денсаулық пен сұлулық сыйлайтын мүмкіндік деп сенеміз. Экономикамызға пайдалы, яғни, миллиардтаған долларлар шетке кетпейді, керісінше, сырттан үлкен қаржылардың құюлуына себеп болмақ. Қазақтың екі мықты қызы — Ардақ пен Айнұр бірігіп Дархан бауырын қолдаса, бұл үштіктің алмайтын асуы, қопармайтын тауы қалмайды деп сенем. Алла жар болсын, Айнұр досым! Мен сенің әр бастамаңа тілекші әрі қолдаушымын!», — деп жазды ол.
Айнұр Тұрсынбаевның өзі оқырмандарын желілік маркетинг компаниясына тіркелуге шақырып жатыр.
«Позор болып басқа елдің сетевойында жүрмейік…Тұңғыш қазақтың классикалық маркетингпен құрылған компанияға тіркелу басталды», — дейді ол.
Дегенмен, желі қолданушылары бұл компанияның болашағына күдікпен қарауда.
«Сетевой маркетинг қой, бірін бірі сүреу, кредитке тығу басталды», «Кезінде НЛ-мен біраз адамның ақшасын жеп еді, әлі тоймапты», «Алаяқтық қой, сенбеңдер», «Арты мәссәған, мен алдамдым болып кетпесін», «Аңқау елге арамза молда», «Кейін былық болып шығып, Балғынбек Айнұрды танымаймын деп тұрма», «Халықты тонауды қоймапты», «Зауыт ашты ма десем, тағы бір пирамида ашыпты ғой», «Айнұр тағы да халықты қораға кіргізуді бастады», — деп жазды олар.
Ал, компанияның жарнамалық мәтіндерінде желілік маркетинг арқылы миллиондарды тауып, оңай баспаналы болатын жүйе бар екенін айтқан.