Прямая трансляция

Астана

Астана

-2.03°C

«Фариза, оралшы»: Әйелімен ажырасқан актер Нұрсұлтан Жақсыген көзіне жас алды

Жақында ғана отбасымен ажырасып кеткен актер Нұрсұлтан Жақсыген жан сырын ақтарып, әйелін сағынғанын айтты, - деп хабарлайды Paryz.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап. Бұл туралы ол "Менің өмірім" бағдарламасына берген сұхбатында бөлісті. 

«Фариза, оралшы»: Әйелімен ажырасқан актер Нұрсұлтан Жақсыген көзіне жас алды
фото: видеодан скриншот

Актер отбасының аяқ асты екі жаққа кеткенін және бала-шағасыз үйінің қаңырап қалғанын айтып, жан сырын ашты.

"Біз бақытты отбасы болдық. Бір түсініспеушіліктен осылай болып кетеді деп ойламадым. Кейде кінәні өзімнен де бар деп ойлаймын. Күні-түні түсірілімде боламын, үйге кеш келемін. Әйеліме көп көңіл бөле алмадым. Ол үйде ата-анам мен бала-шағаны қарайды. Сол сәттерде жанына медет бола алмағаным да бар шығар. Соның бәрі Фаризаның (әйелі - еск.) ішінде жинала берген болар. Бәрі бір күнде атылып шыққанда мен де түсінбей қалдым. Соңы осылай болып кетеді деп ойламаппын", - деді Нұрсұлтан Жақсыген.

Актер қазір ата-анасынан бөлек кетіп қалғанын айтты. Бұл шешіміне балаларынсыз қаңырап бос қалған үйді күнде көруі қатты әсер еткен. 

"Мен қазір бөлек пәтерге көшіп кеттім. Үлкен үйде ата-анам ғана қалды. Арасында барып тұрамын, бірақ ол үйдің әр бұрышына қараған сайын жүрегім ауырады. Әр бөлмеде балаларымның сыңғырлаған күлкісі естіліп, жанымды жаралайды. Бұрынғыдай жұмыстан күтіп алатын, шайымды беретін, шүйіркелесіп әңгіме айтатын жарым да жоқ. Әр бұрыштан әр сәт есіме түсіп, жанымды жегідей жейді. Өте ауыр. Ажырасу - кіші өлім ғой. Фариза қазір Астанада. Екі рет барып сөйлесіп көрдім. Екеуінде де бетімді қайтарды. Балаларыңды көріп тұр, бірақ енді қосылмайық дегенге келтірді", - деді ол көзіне жас алып. 

Нұрсұлтан Жақсыген сұхбат барысын пайдаланып, әйелі Фаризаға жан тебіренісін жеткізді.

"Фариза, егер мені көріп отырған болсаң, отбасы тек екеумізге керек екенін айтқым келеді. Ер кезегі үшке дейін дейді ғой. Елдің сөзіне мән берме. Балаларымыздың бақыты үшін бірге болуымыз керек. Оралшы!", - деді актер.

Нұрсұлтан Жақсыген - қазақстандық актер және блогер. Ол өзінің шығармашылық жолын "Жайдарман" ойындары арқылы бастап, кейіннен "Жаңа қоныс", "Бастық боламын", "Q елі" сияқты телехикаяларда басты рөлдерді сомдады. Қазір актер блогерлікпен де белсенді айналысып жүр.