Прямая трансляция

Астана

Астана

-9.03°C

«Ұрлықшы» атанғаныма жүрегім ауырды»: Тоқтар Серіков өзін сотқа бермек болған сазгермен қандай келісімге келгенін айтты

Тоқтар Серіков өзін «әнімді ұрлады» деп сотқа бермек болған сазгер Арайлым Мамырбекпен қандай келісімге келгенін айтты, деп хабарлайды Paryz.kz.

«Ұрлықшы» атанғаныма жүрегім ауырды»: Тоқтар Серіков өзін сотқа бермек болған сазгермен қандай келісімге келгенін айтты
фото: видеодан скриншот

Әнші «Сырласу» бағдарламасына берген сұхбатында бұл жағдай жүрегіне батқанын жасырмады. Өнер иесі алдымен «Ауылға барамын» әні қалай дүниеге келгенін әңгімелеп берді.

Айтуынша, бұл ән әке мен анаға деген сағыныштан туған.

«Бір қызық оқиға болды. Осыдан бірнеше жыл бұрын анам дүниеден қайтқаннан кейін, оның алдында әкем қайтты, үлкен сағыныш болды. Бұл негізі әкем қайтқаннан кейін жүрегімде жиналып жүрген сағыныш еді. Анамның артынан арқа сүйер ағаларымыз қайтып кетті. Соның бәрі санама жинала берді. Ауылға келе жатқанда әке болмаса, шешеге келе жатқаныңды білетін едік. Қазір енді жасыратыны жоқ, «Ауылға келе жатырмын» деген желеумен келесің. Ауылдағы ағайындарымды бөлмеймін. Олар да әке-шешеміз сияқты сыйлап, құрметтейді. Бірақ біз қатты сағынып келген адамдардың жоқтығы жанға батады. Солардың құрметіне жазылған «Ауылға барамын» деген әнім шықты. Сөзін де, әнін де өзім жазғанмын. Бір қызығы, өзімнің жерлес Арайлым деген қарындасымның әніне ұқсап кетіпті. Ол қарындасымды бұрын-соңды тыңдамағанмын, көрмегенмін. Оның әнін білмеймін де. Бірақ бір жерден, бір елден болғаннан кейін болар, ән соншалықты қатты ұқсас деп те айта алмаймын, бірақ ұқсас жерлері бар. Содан қарындасымды жанындағы кісілер күйттеген бе, ерте қимылдап, телеарналардан қатты жарнамалап жіберді. Сол жаныма батты. Жердегі затты алып, «Менікі» деп, қалтама салып көрмеген адаммын. Әлемдегі ең бірінші жек көретін нәрсем – ұрлық. «Ұрлықшы» атанғаныма жүрегім ауырды. Ақпарат біржақты тарады, содан өкпем қара қазандай болып қалды», - дейді әнші. 

Тоқтар Серіков бұл мәселе қалай шешілгеніне тоқталды.

«Осы басымды кішірейтіп, қарындасымның алдына бардым. Сөйлестік, дау шешілді. Соттасу ұзаққа баратын болды. Біріншіден, ол баланы қыз бала ретінде құрметтедім. Екіншіден, оны аяулы ана деп есептедім. Үшіншіден, ол да мен туған ауылдың ауасын жұтқан, табанын жерге тіреген жерлесім ғой. Ертең «Тоқтар аға, дардай басымен қарындасына сөйтеді ме екен?» деп айтпасын деп, қарындасыма аттан түсіп, жол бердім. «Сен айта ғой, сенің әнің болсын. Мен бұл әнді тоқтатамын» дедім. Алла куә, сол сәттен бастап бұл әнді айтқан емеспін», - дейді Тоқтар Серіков.