Қоразбаев пен Рымбаева «Қырғыз Республикасының халық әртісі» атанды

19 сәуірде Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровтың Қазақстанға ресми сапары аясында Қазақстанның мәдениет қайраткерлеріне мемлекеттік наградалар табыстау рәсімі өткен. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Қоразбаев пен Рымбаева «Қырғыз Республикасының халық әртісі» атанды
фото: gov.kz

Салтанатты іс-шара барысында Қырғызстанның мемлекеттік хатшысы Сүйінбек Қасмамбетов мәдениет және өнер өкілдерін мемлекеттік наградалармен марапаттау ғасырларға ұласқан достықтың, ортақ мәдениеттің, дамып келе жатқан ынтымақтастықтың белгісі екенін атап өтті. Сонымен қатар оның мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамуына бағытталған қадам ретінде қарастырылуы керек екенін сөз етті.

Қырғыз Республикасы мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қырғызстан президентінің жарлығымен Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, көрнекті ақын, дипломат, Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы бұрынғы елшісі Мұхтар Шаханов «Данакер» орденімен марапатталды.

Сондай-ақ «Қырғыз Республикасының Халық әртісі» құрметті атағы қазақстандық белгілі композитор Алтынбек Қоразбаевқа, танымал эстрада әншісі Роза Рымбаеваға берілді.

1996 жылы маған Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері атағы берілді. 28 жылдан кейін «Қырғыз Республикасының Халық әртісі» құрметті атағын алып отырмын. Бұл – мен үшін үлкен жетістік, - деді Роза Рымбаева.