Прямая трансляция

Астана

Астана

0°C

«Ішсем-жесем», «тойсам» дегенді қою керек»: Халықтан ақша жинаған Роза Әлқожа сынға қалды

Белгілі әнші Роза Әлқожаның  су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында ақша жинағаны желі қолданушыларының қызу талқысына түсті, деп хабарлайды Paryz.kz. 

«Ішсем-жесем», «тойсам» дегенді қою керек»: Халықтан ақша жинаған Роза Әлқожа сынға қалды
фото: әлеуметтік желіден

Бұдан бір күн бұрын Роза Әлқожа Instagram-дағы парақшасына банк карточкасын жариялап, су тасқынынан зардап шеккендерге қаражат жинауды бастады. "Ел боламыз десек, бесігімізден бұрын нәпсіміздің есігін түзеу керек.

"Ішсем-жесем", "тойсам" дегенді қойып, "Елім үшін не істей аламын" деп қарекет ету қажет. Әр патриот өзінен бастайды. "Біреу бастайды" деп күтудің керегі жоқ. Кішкентай бір жанашырлық етсең де, артында үлкен жүрегің барын ұқтырасың. Кішкентай немқұрайлық танытсаң - ол да сенің суыққандылығың мен сазбеттігің болмақ. Біз осыншама көрікті жер үшін, қасиетті топырақ үшін, самал жел, саф ауа үшін қарыздармыз. Жыл сайын емес, күн сайын ризашылық сезіммен қызмет ету - артықтық етпейді. Құдай көптің тілегін қабыл етеді. Бата - көпшілік берсе қабыл болады. Ал атсалысайық. Өнер адамдары бөлек топ ашып, бірігіп жатыр. Одан бөлек концерт беріп, одан түскен қаржыны апатты аймақтарға жіберу жағы да ойластырылып жатыр", – деп жазған болатын Роза Әлқожа.

Осы жазбасынан кейін бір тәулік өткенде Роза Әлқожа халықтан жиналған 500 мың теңгеге Құлсарыға қажет зат алып жатқанын айтты. "Сіздерден жиналған 500 мың теңгенің есебі. Біз түнделетіп "Диета.кз" тобына келдік. Өйткені жігіттер Құлсарыға ең қажетті заттарды тиеп жатыр екен. Жасұлан "Ақшалай алмаймыз, тек заттай беріңіздер" деп жатыр. Ертең сіздерден кешеден бері жиналған 500 мың ақшаға қап пен резіңке сатып алып, жігіттерден беріп жібереміз. Осымен сбор тоқтатамыз. Сосын қандас бауырлар, саудагерлер, ел басына күн туғанда қап пен резіңке етікті қымбаттатпаңыздар. Керісінше, осындайда жеңілдікпен бермейсіздер ме? Алла бардың берекесін берсін. Баршаңызға рақмет, сауаптан жазсын. Әуелде құр жатпайық деп сбор ашып едік, сөге жамандамаңыздар. Өнер адамдары да басқа адамға, басқа карточкаға жинап жатырмыз. Олар да бізден бөлек, үнсіз, жарияламай, беріп жатыр екен", – деп жазды Роза Әлқожа.

Ал желі қолданушылары әншінің халықтан ақша жинауына түрлі пікір жазды.

"Халық сіздерсіз, ақыл сұрамай-ақ жылу жинауды бастап кеткен. Халықтан ақша жинағанша, халыққа өздеріңіз не беріп жатсыңдар? Сол халықтың арқасында абырой, атаққа ие болдыңыздар. "Халықтан ақша жинап жатырмыз" дегендеріңіз ұят екен. Мадина Садуақасоваға рақмет. Өз атынан елге беріп жатыр. Сіздер халықтан алып, халыққа беріп, жақсы көрінбей-ақ қойыңыздар. Халықтың ашуына тиетін тірлік жасадыңыздар", "Халықтан жинамай, өз қалтаңыздан шығарған жарасады", "500 мың теңгені неге өзі бермейді?", "Халықтан жинағаның күлкілі", "Өзі айлыққа қарап отырған халықтан бәрі жылу жинайтын болыпты", – деп пікір жазды желідегілер. Айта кетейік, әншінің бұл ісіне қолдау білдірген желі қолданушылары да бар. "Дұрыс", "Жарайсыз", "Бастамаң керемет", – деп жазды Роза Әлқожаны қолдаған желідегілер.