Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Алаяқтық бойынша сотталған әнші Сандуғаш Жұмабек ел алдына шықты

Талай адамды сан соқтырып, алаяқтық әрекетімен танылған әнші 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Жазасын өтеп шыққан ол ел алдына шығып, ән айта бастады, деп хабарлайды Paryz.kz Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап.

Алаяқтық бойынша сотталған әнші Сандуғаш Жұмабек ел алдына шықты
фото: әлеуметтік желіден

Естеріңізге салсақ, Жұмабектің үстінен бір топ азаматтан бөлек, туған қызы мен құдағиы да шағым түсірген еді. Белгілі болғандай, Сандуғаш Жұмабек құдағиының пәтерін сатқызып, ақшасын бермеген.

Адвокат Айгүл Орынбектің мәліметінше, ол алаяқтықпен әр қаладан барлығы 14 пәтер алып, қандастарды үй мен азаматтық алып беремін деп алдаған.

2017 жылы Жұмабектің ісі сотта қаралып, нәтижесінде алаяқ деп танылған Сандуғаш Жұмабек бес жылға бас бостандығына айырылған болатын.

Сол кезде Айгүл Орынбек көпшіліктен сүйінші сұраған еді.

«Үкім шықты. Сандуғаш Жұмабек 5 жылға бас бостандығынан айырылды, сот залынан қамауға алынды. Қоғамда көтерілген мәселе өз шешімін тапты. Сандуғаш Жұмабек заңды түрде өз жазасын алды», – дей келе, осы іске соңына дейін атсалысқан достарына алғысын айтты.

«Қуанышым көкке жетіп отыр. 20 жыл бойы жезқазғандықтар бере алмай келген заңды жазасын Астанадағы біз бердік», – деді Айгүл Орынбек.

Жазасын өтеп шығып, көпшілікпен қайта қауышқан өнер иесі Facebook-тегі парақшасында жазба қалдырыпты.

"Алланың жазасын емес "пенденің" жазасын алғаныма шүкір... Алланың жазасы мерзімсіз ғой... Ал пенде шіркіннің жазасы тек, уақыттың жетегінде... Уақыты келеді... Бітеді... Өтеді... Кетеді... Ал Жаратушының жазасын арқалау, жетпіс жеті ұрпағыңды шайқауы мүмкін... Тек, өзіңді жоғалтпай, еңсеңді тік көтеріп, өзіңе, өзіңе, тағы өзіңе ғана сен... Бәрі жақсы болады! Аллаға, шүкір!" - деп жазды ол.

Жақында әнші Тик-ток әлеуметтік желісіне тіркелгенін айтып, “Қош келдік, тик - ток әлеміне! Өткен күнде белгі бар. Талай сынақтан сүрінбей өтіп, суырылып шығып, алдарыңызға қайта келдім”, деп жазба қалдырды.