Прямая трансляция

Астана

Астана

-11.03°C

«Мені Баяша деп атайды»: Баян Мақсатқызы неге өзіне «әже» деген сөздің ұнамайтынын айтты

Жуырда ғана екі дүркін “әже” атанған Баян Мақсатқызын Stan.kz құттықтап барып, экслюзив сұхбат алды.

«Мені Баяша деп атайды»: Баян Мақсатқызы неге өзіне «әже» деген сөздің ұнамайтынын айтты
фото: әлеуметтік желіден

Баян Мақсатқызы, немереңіздің бауы берік болсын. Екі дүркін әже атану қандай сезім екен?
– Рахмет көп-көп. Біріншіден, мен өзімді әже санамаймын. Мені немерем де “әже” деп атамайды. Мен өзімді сұлу, жас келіншек санаймын. “Әже” деген сөзді өзіме лайық көрмеймін. Және “әже” деген сөзді ұнатпаймын. Өзімді әже емес, қызы дүниеге сәби әкелген жас келіншек санаймын. Мен өте бақыттымын. Өзім үшін емес, қызым үшін бақыттымын. Себебі қызым қазір өзінің балапанын иіскеп, құшақтап, бақытқа бөленіп жүр. Анаға одан артық қандай қуаныш, бақыт керек?! Қызымды бақытқа бөлеген періштені мен де жақсы көрем. Ол өзінше тәтті әрі ерекше. 
Сізді тұңғыш немереңіз “әже” деп атамай ма?

– Жоқ. Сізге бір құпияны ашайын. Менің немерем маған “Баяша” дейді. Мен ешқандай да әже де, апашка да емеспін, жай ғана “Баяшамын”.

Ал екінші немереңізге есім таңдадыңыздар ма?

- Жоқ, әлі есімін анықтамадық. Таңдау үстіндеміз.
Шығармашылыққа бет бұрайықшы. KeshYou жаңа әнінің жарнамасын парақшаңыздан көріп қалдық. Үзілістен кейінгі бұл қандай трек болмақ?

- Иә, тура бір аптадан соң KeshYou тобының жаңа бейнебаянының тұсаукесері болады. Алматының қымбат мейрамханаларының біріне танымал тұлғаларды, блогерлерді, БАҚ өкілдері шақырып, үлкен кеш өткізу жоспарлануда. Hula Hoop деп аталатын бұл трек –  KeshYou үшін мүлдем жаңа жанр болмақ. Топтың 18 жылдық тарихында біз әртүрлі музыкалық бағытта жұмыс істейміз. Hula Hoop тіпті мүлдем бөлек. Бұған дейін алғаш көріп, пікір айтқандардың бәрі таңқалып жүр. Себебі бұл мүлдем болмаған тың дүние болмақ. Сіздерді де шақырамын.
Киноәлемінде де жаңалықтарыңыз бар екенін байқадық.

Жақында “Рауза-3” телехикаясы көрерменге жол тартпақшы екен. Алдыңғы екі маусымнан несімен ерекшеленбек?

- Иә, қазір түсірілім жүріп жатыр. Басты ерекшелігі – басты кейіпкерлерінде. Бұрынғы басты кейіпкерлерден бөлек тағы да көрермен көзайымына айналатын кейіпкерлер қосылады. Бұл да алдыңғы екі маусым сияқты көпшілікке ұнайтынына сенемін. 
Көпшілік Раузаны күтеді. Өткен маусымда Раузаны Жарқынай сомдаған еді. Бұл маусымда қалай болмақ?

- Жоқ, үшінші маусымда Рауза мүлдем болмайды. Біз онымен қоштастық. Толығырақ сериал барысында көресіздер.

Ал толықметражды киноларыңызды қашан көре аламыз?

Одан кейін бірден мен криминалды экшн жанрындағы толықметражды кинокартинаның түсіріліміне кірісемін. Ол жерде басты рөлді Сакура, Маңқа, Кеша және Жоха сомдайды. Қазір біз сценарий жазып, дайындық жұмыстарын жүргізудеміз. Бұл коммерциялық жоба болады. Шынымды айтсам, маған қазір комедия бағытында кино түсіру мүлдем қызық емес. Сондықтан нағыз ержүрек еркектердің мінезін, өмірін көрсететін туындыға кіріспекшімін.

Бұл жаңа бағыт болмақ. Іштей қорқыныш пен күдік жоқ па?

Жоқ, мен тәуекелден қорықпаймын. Өткен жылы “Бақыт” кинокартинасының Берлинде өткен халықаралық кинофестивальде жеңіске жетуі – киноәлеміндегі ең үлкен жетістігім. Осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын алғаш коммерциялық кино түсіріп, касса жинаудан рекорд жасаған едім. Бұл жолы авторлық фильмді алғаш болып түсіріп, тағы да кассадан рекорд жасадым. Көрерменнің комедияға емес, тағдыры ауыр фильмді көруді таңдауы да талғам мен сұраныстағы өзгерістің бар екенін байқатты.

Бұрын Баян ханым шоу бизнеске жаңалық әкеліп, жаңа идеялармен жұмыс істеуші еді. Қазір біраз тыныштықта жүрсіз. Бұл сіздегі “шабыттың” жоқтығы ма, әлде бәсеке болмағандықтан, жалығу ма?

- Біріншіден, бұрын мен жас болдым. Және 2016 жылы өмірімде кездескен сынақтың кесірінен 5-6 жыл қалыпқа келу процесінде болдым. Бірақ мүлдем жұмыс тоқтады деп айта алмаймын. Қазір топтың жұмысына білек түріп кірістім. Әуелі бейнебаянның тұсаукесерін өткіземіз. Одан кейін де үлкен жобалар жоспарда бар. Оның кейбірін Америкада іске асырамыз деп ойлаймын. Және үлкен халықаралық жоба дайындап жатырмын. Америка, Франция, Қытай секілді алып елдермен қазір келісімшарттар жүргізудеміз. Бәрі анықталғанда, сүйінші сұраймын.

Ісіңізге сәттілік тілеймін. Сөз соңында қосымша табыс көзі Instagram туралы сұрақ қойғым кеп тұр. Жарнамаларды қаншалықты зерттейсіз? Жарнама берушіле қандай талаптар бар?

- Жарнама берушілер өте көп. Коуч, психолог, нумеролог деген мамандардың көптігінен шатасып қалдық. Кімге сенерімізді білмейміз. Және мен алкогольді шараптар мен азарт ойындарына жарнама жасамаймын. Барлық жарнама берушілермен заңгерім сөйлесіп, келісімшартты талқылайды. Қоғамда блогерлермен болған жағдайдан кейін біз екі есе қатал тексеріп, тек жылдық келісімшарттармен жұмыс істейтін болдық.