Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

«Сол биігінде жүре берсін»: Бақыт Шадаева Димаштың даусына көңілі толмайтынын айтты

Әнші Бақыт Шадаева Димаш Құдайбергеннің қазіргі орындаушылық қабілетіне көңілі толмайтынын және оған "даусын қою керек" деп кеңес берді. Ол бұл туралы Базарlike жобасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Paryz.kz Massaget сайтына сілтеме жасап. 

«Сол биігінде жүре берсін»: Бақыт Шадаева Димаштың даусына көңілі толмайтынын айтты
Фото: видеодан скриншот

"Қалай сіздер сөзге жабысып аласыздар, ә? Біз кәсіби маман ретінде айтатын дүниелеріміз бар, бірақ оны халыққа айта алмайсың, жеткізе алмайсың, бірақ құлағына жетсе болды, менің мақсатым сол болатын, жете ме - әрі қарай істей ме, істемей ме өзі біледі. Енді өнерде болғандықтан, оның болмысынан биіктеу болғанын қалаймыз. Бізге қоятын талаптың бірі - әнші халықтың алдында әрқашан биік, мықты болуы керек. Сондықтан мықты болсын, биік болсын дейтін әңгімем бар.
Ренжіді ме, ренжімеді ме, оны білмеймін. Ренжігенін шешесі айтқанын байқадым. Өзінің жанкүйерлері айтқанын естідім, арасында оқыдым да. Негізі ешқандай жаман нәрсе айтқан жоқпын. Тек сол "Даусымен айналыссын", "Даусын қойсын" деп айтқанмын. Кәсіби көзқараспен айтқан дүнием. Керісінше, ол жігіт "Бәке, жарайды, мен түсіндім" деп айтуы керек еді. Бірақ оның өзінің шешімі бар. Енді ол өзін биік санап тұрса, сол биігінде жүре берсін", - деді ол.

Бақыт Шадаева Димашқа үлкен сахнаға жол ашқан өзі екенін айтты. Оның сөзінше, Димаш Құдайберген "Жас қанатқа" қатысқанда қазылар алқасын көндіріп, бас жүлдені бергізген.

"Конкурстарға қатысып жүргенде көп жерде түсінбеушілік танытып, ұтылып отырды ғой. Неге? Барлық проблема даусы қойылмағандықтан. "Жас қанатқа" қатысқан кезде дәл сол қателіктер болып жатты. Сол жерде қазылар алқасы жиналып, айтқан әңгімеміз болатын. Сол жерде "Конкурсанттардың арасында даусы мықты әнші Димаш қана" деп айттым. Даусы деген кең дала сияқты бар енді, Аллаға шүкір, Құдай берген енді. Бұл генетикалық түрде келген дүние. Құдайдың берген даусы. Ол дауыспен дұрыс бағытта жұмыс істесе, Димаштың есімі түспес. "Жас қанатта" шырылдап отырып, Димашқа орын бергіздік. Гран-приді. Мен қоймай айттым. "Димашқа мүмкіндік берейік" дедім. Қазылар алқасында Айман Мұсахожаева отырды. Ол "Бұл баланы өзіме алайын" деді. Сол кезде гран-примен қоса, оқуға, білімге жолдама бердік. Грантпен. Мен жанашырлық танытып, сол баланы шығартқыздым", - деді әнші.
Бақыт Шадаева сонымен бірге Димаштың бүгінгі орындаушылық қабілетіне де көңілі толмайтынын айтты.

"Толса, мен ондай әңгіме айтпас едім. Әлі де жұмыс істеуі керек. Тағы айтамын, даусы деген керемет. Мүмкін әлемде жоқ дауыс шығар? Бірақ бұл дауысты орнына қою керек", - деді Бақыт Шадаева.