«Екі-үш рет қайтарып жібердім»: Ұлықпан Жолдасов Абай Бегейдің өнерге келуіне қалай көмектескенін айтты

Отандық шоу-бизнесте бірнеше әншіні қолдап, сахнаға шығарған Ұлықпан Жолдасов продюсерлік жұмысындағы құпияларын бөлісті. Бұл туралы сазгер «Хабар» арнасындағы «Ұйқым келмейді» бағдарламасында айтып берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

«Екі-үш рет қайтарып жібердім»: Ұлықпан Жолдасов Абай Бегейдің өнерге келуіне қалай көмектескенін айтты
Фото: видеодан скриншот

Бағдарламада әнші-сазгер Ұлықпан Жолдасов талай әнші мен ауылдың азаматтары өнерге келгісі келіп, одан көмек сұрағанын айтқан.

Бірақ әнші өнер жолына дайын емес жастарды қайтарып жіберіп отырғанын атап өткен.

«13 жобаның продюсерімін. Студияма көп әнші, жастар, ауылдың жігіттері келетін. Ішінен іріктеп, жақсыларын алып қаламын. Бетін қайтарған әншілер де болды. Олардың арасында Абай Бегей де бар. Ол кезінде асаба ағамның музыканты болып тойға шығып жүретін. «Тамашаға» шығаруға дайындығы төмен болған соң 2-3 рет қайтарып жібергенім бар», — дейді өнер иесі.

Оның айтуынша, Абай Бегейге Алматыға келіп, өнер жолына түсуіне көмектескен.

Ол Абай Бегейге вокал сабақтарын әнші Диана Шарапова үйреткенін де тілге тиек етті.

«Мен оған Диана Шарапова сені вокалға үйретемін деп келіссе, онда қаласың дедім. Ал егер сенен ештеңе шықпайды десе, онда ауылға қайтасың деп ескерттім. Осылайша Диана Абай Бегейге ән айтудың қыр-сырын үйретіп, сабақ берген», — дейді Ұлықпан Жолдасов.

Ұлықпан Жолдасовтың сөзінше, Абай Бегейдің танылуына өзінің өнерге деген талпынысы мен еңбекқорлығы себепші болған.