Прямая трансляция

Астана

Астана

-8.03°C

«Үкіметтің халықпен жұмыс істеу тәсілдері көңіл көншітпейді» – Ерлан Саиров

Үкімет елімізде өтіп жатқан саяси трансформацияның мәні мен маңызын халыққа түсіндіре отырып, азаматтардың қоғамдық творчествосын арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауы тиіс. Бүгін Мәжілісте Премьер-министр Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдаған депутат Ерлан Саиров осындай пікірін жеткізді, деп хабарлайды Paryz.kz ақпарат агенттігі Azattyq Ruhy-на сілтеме жасап.

«Үкіметтің халықпен жұмыс істеу тәсілдері көңіл көншітпейді» – Ерлан Саиров

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2019 жылдан бастап Қазақстан күрделі қоғамдық-саяси трансформация кезеңін өткеруде. Елімізде ауыл әкімдерін халық тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болды. Биыл 1480 ауыл әкімі тікелей сайланады. Халық аудан, қала әкімдерін биыл пилоттық деңгейде, келесі жылдан бастап тікелей сайлау мүмкіндігіне ие болады», - деді сөзін бастаған ол.

Саировтың айтуынша, Қазақстан суперпрезиденттік басқару жүйесінен бас тартып, елде «бір Президент – бір мерзім» саяси новелласы енгізілді.

Сондай-ақ ол Мәжілісте Қазақстанның саяси тарихында бірінші рет 6 партия жұмыс істеп жатқанын еске салды.

«Жоғары аудиторлық палата жылына екі рет Мәжіліс алдында есеп беретін болды. Конституциялық Сот құрылды. Мемлекет басшысы Тоқаев күрделі геосаяси жағдайда халыққа Конституциялық реформаны ұсынып, ол іске асты. «AMANAT» фракциясы енді Үкімет, жергілікті әкімшіліктермен бірлесіп, осы саяси трансформацияны халықтың шешім қабылдау процесіне кеңірек араласу үрдісіне айналдыра отырып, қоғамның ыждаһатты әлеуметтік-экономикалық белсенділігін арттыруға пайдалануы қажет деп есептейді», - дейді ол.

Саиров депутаттық сауалында сондай-ақ жергілікті бюджеттің қалыптасуы барша халыққа жаппай ашық және түсінікті болуы тиіс екенін, аудандық, облыстық деңгейдегі өзекті, өткір мәселелер ашық талқыдан өте отырып, шешімдер жергілікті қоғамдастықпен келісе отырып қабылданғаны абзал боларын атап өтті.

«Үкімет өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы салаларына қатысты саясатын өзгерткенде халыққа түсінікті, ашық болуы шарт. Шыны керек, Үкіметтің бүгінгі күнгі халықпен жұмыс істеп, қоғаммен коммуникация жасау тәсілдері көңіл көншітпейді. Үкімет елімізде өтіп жатқан саяси трансформацияның мәні мен маңызын халыққа түсіндіре отырып, азаматтардың қоғамдық творчествосын арттыруға бағытталған нақты шешімдер қабылдауы тиіс. Бұл мәселелерді оң шешпей, конституциялық реформаның ұлағатты творчестволық потенциалын арттыру қиынға соғады», - деді сөзін қорытындылаған ол.