Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

«Егер Мақпал Заманбекке тимесе, қазір жағдайы жақсы болар еді...» – Қалдыбек Құрманәлі

Белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қалдыбек ҚҰРМАНӘЛІ – бетің бар, жүзің бар демей, бұлтақтамай тура сөйлейтін адам. Ол осы мінезі арқылы талайға жақпауы да мүмкін. Бірақ ұлт, қоғам, өнердегі түйткілдерді басқалардан артық айтпаса, кем қозғамайды. Nege.kz тілшісі Қалдыбек Құрманәлімен сұхбаттасты.

«Егер Мақпал Заманбекке тимесе, қазір жағдайы жақсы болар еді...» – Қалдыбек Құрманәлі
Фото: NEGE

«Жаңа Қазақстан» деген ұғымды қабылдай алмаймын»

 Қалдыбек аға, қазір қаланың у-шуынан жырақта, сонау оңтүстіктің қоңыр ауылында тұрып жатыр екенсіз. Елде қандай мәселе жаныңызға батады?

– Қазір Түркістан облысына қарасты Тасқұдық ауылында тұрамын. Мұнда мәдениет үйі жоқ. Қазақстанда кезінде «100 мектеп, 100 аурухана» деген бағдарлама болды ғой. Оның қаншалықты жүзеге асқанын білмеймін, бірақ салынып, пайдалануға беріліп жатты. Оған 100 болмаса да, 50 мәдениет үйі немесе ауыл клубтарын қосу керек еді. Бұрын ауылдағы кітапхананың көбін мектеп кітапханасына қосып жіберген еді. Бұлай болмайтынын мәселе етіп көтергем.

Өңірлердегі мәдениет сарайларының тозығы жеткен. Оның сыртын ғана сылап, әдемілеп қою қажет емес, керек-жарағын түгендеп, дыбыс күшейткішін дұрыстап, жарықпен қамтамасыз ету жағын ретке келтірсін. Әншіге кез келген уақытта жанды дауыста ән айтатындай мүмкіндік жасау қажет. Мәдениет және спорт министрлігі де, депутаттар да осы түйткілге қатысты мемлекеттік бағдарлама қабылдауға атсалысса деймін. 

Қ.Құрманәлі. Фото: ғаламтордан

Ауданда, ауылда мәдени қызметкерлердің айлығы төмен. Бізде көбінесе мұғалімдер мен дәрігерлердің айлығы ғана көтеріледі. Қазір өзім де қол қусырып отырған жоқпын. Әлеуметтік желіде мемлекеттік кеңесшінің, депутаттардың парақшасына хат жазып жатырмын. Оның үстіне Мәжіліске өнерге қатысы бар адамдар барды ғой. 

 Парламентке өнер адамдарының барғанына іштей қуанышты сияқтысыз. Алайда, «Заң шығарушы органға экономикадан, құқық саласынан хабары бар мамандар керек» деген пікірді жиі естідік. Өзіңіз сайлауға барып, дауыс бердіңіз бе?

– Олай біржақты айтуға болмайды. Мәжілісте тек қана заңгерлер, экономистер болсын деген дұрыс емес.

Кеңес одағы кезінде де ақын-жазушылар, әншілер, сауыншылар депутат болды. Бұл жерде мәселе депутат мандатына ие болған адамның  талапшылдығына, біліміне байланысты.

Сан саланың тетігін білетін мамандар да керек қой. Өз басым жеке мандат бойынша дауысымды журналист Ермұрат БАПИҒА, партиядан «Аманатқа» бердім.

 Сіздіңше мәжіліс сайлауы әділетті өтті ме?

– Бәрін әлеуметтік желі арқылы біліп отырдық. Парламентке өтпей қалғандар өкпесін айтып жатыр. Егер билік менің қолымда болса, билікке сын айтып жүрген біраз адамды мәжіліс пен мәслихатқа өткізетін едім.

Қазақ ұғымында «депутат болсам ғана мәселе шеше аламын» деген ой қалыптасқан. Бұл дұрыс емес. Қоғамда алатын орның бар беделді азамат болсаң, мәселені әлеуметтік желі арқылы-ақ көтере бермейсің бе? Қазақстанда біреудің адамы болмасаң қызметте өсе алмайсың. Басқалай өту мүмкін емес. Әйтеуір біреуге арқа сүйейсің. Солай өткендер де бар. Сондықтан депутат болмай-ақ ұлттық мүддеге, елге, халыққа қызмет етуге болады.

 Сайлауды да өйтіп-бүйтіп өткізіп, Үкіметтің ескі құрамын да қайтадан бекітіп алдық. Жаңа Қазақстанға ұқсап келеміз бе?

– Өз басым «Жаңа Қазақстан» деген ұғымды қабылдай алмаймын. Олай айтатындай, бұл «жаңа құдалық», «ескі құдалық» емес қой. Кейбір өнер адамдары «әнімді жазып, айтып, тыныш жүре берейін» деп ойлайды. Олар – түйсігі төмен адамдар. Сонда қымбатшылық, жұмыссыздық, мектептегі тәрбие, зорлық-зомбылық, адам бойында мейірімнің азайып кеткенін кім айтады? Қазір елді мекендерде телеарналардан көрсетілмейтін сұмдықтар болып жатыр. Халықтың өкпе-реніші, ашу-ызасы, мұң-наласы ауыл деңгейінде, асханасында қалып қояды. Мұның түбі жақсылыққа апармайды. Тіпті, екінші қаңтар оқиғасына алып келуі мүмкін.

«Жаңа Қазақстан құрамыз!» деп елді үміттендіріп қойды. Ал айтсыншы, не істеп жатыр? Осы күнге дейін үміт күтіп келдім. Смайыловты өз орнында қалдырған кезде ол үміт те үзілді.

Халықтың тұрмысы күннен-күнге төмендеп барады. Қымбатшылық алқымнан қысып тұр. Бізді қойшы, жиған-тергеніміз бар, өмір сүріп келеміз. Ал ауылдағы басқа ағайынның көзіне қалай тіке қараймыз?

«Мәсімов қамалғанда туған баланың тілі шықты ғой...»

 Өзіңіз неге сайлауға түспедіңіз? Артыңызда алқалаған әлеумет, қолдайтын халқыңыз бар дегендей...

– Мәселе көтеруім үшін мәжіліске депутат, партияға мүше болу шарт емес. Бірақ мені «мәжіліс депутаттығына, мәслихатқа ұсынайық» дегендер болды. «Мені не үшін депутаттыққа ұсынып жатырсыңдар?» деп едім, «Астанаға, облысқа барып мәселе шешетін адам керек. Сіз елге танымалсыз ғой, бәрі сыйлайды» дейді. «Мен ауылым үшін қай министрлікке болсын, депутат атанбай-ақ жақсылы-жаманды беделімді салып, бара аламын» дедім.

Бірінші, денсаулығыма байланысты, екіншіден, ауылда жеміс-жидектен тосап жабатын жеке кәсіп аштық. Мәжіліске кетсем, оны қадағалайтын, бас-көз болатын адам жоқ.

К.Мәсімов. Фото: ғаламтордан

 Талай отбасының шаңырағын ортасына түсірген, жүрегіне жазылмас жара қалдырған Қаңтар оқиғасы елімізге, билікке сабақ болды ма?

– Бұл оқиғаға Ресейдің қатысы болған сияқты. Яғни, төңкеріс қолдан жасалған деп ойлаймын. Тіпті, бұған Мәсімовтен басқалардың да қатысы болуы мүмкін. Кейбіреулер мұның басы-қасында Назарбаев тұр дейді. Бірақ оған қандай қарсы шара қолданды? Айналайын-ау, бір жылдан асты Мәсімовті әлі тергеп жатыр ма? Бұл қандай шешілмейтін, анықталмайтын, бітпейтін іс? Сол кезде туған баланың тілі шығып, аяғымен жүріп кетті ғой!

Біз ақпарат жоқ дейтіндей тас, қола дәуірінде өмір сүріп жатқан жоқпыз. Бұған бір Мәсімов қана емес, бірінші орынбасары болған Самат ӘБІШ неге жауап бермейді?

Ауылда бір қой ұрлаған адам 6 жылға сотталады. Үкіметтің қаржысын жымқырған және төңкеріс жасауға қатысы болған Қайрат Сатыбалдыға да 6 жыл берді. Төңкеріс жасаушы – опасыздыққа барып, мемлекеттің тұтастығына қауіп төндірді. Қаншама жазықсыз адам көз жұмды. Мұның да сұрауы болу керек шығар? Қаңтар оқиғасын бүге-шігесіне дейін зерттеп, кімнің кінәлі екенін нақтылап, басты ұйымдастырушыларды анықтап айтпасақ, халықтың үміті біржола үзіледі. Халықтың көкейінде сұрақ қалмауы тиіс қой. Егер қалса, ол күндердің бір күнінде жарылысқа әкеледі.

– Таяуда Астанаға бір топ мұнайшылар барып наразылық танытты. Қоғамда «Жаңаөзен – қазақ мәселесінің айнасы» деген ұғым қалыптасқандай көрінеді...

– Еліміздің бар мәселесін жаңаөзендіктер ғана көтереді деген әңгіме дұрыс емес. Олар неге көтеріледі? Онда мұнайдың айналасында ғана жұмыс бар. Бәрі мектепте мұғалім, емханада дәрігер бола алмайды ғой.  Ауыл шаруашылығымен, мал шаруашылығымен айналыса алмайды. Белді компанияның бәрі шетелдіктердің еншісінде. Қазақстан үкіметі инвесторларға келгенде құрақ ұшып, заңды солардың ығына жығып, мүлдем ушықтырып жіберген. Сондықтан заңға өзгеріс енгізу қажет.   

«Шәмшінің ұлы «сотқа берем» деп қорқытып қояды»

 Қазір әншілер есеп беру кешін өткізуге құштар. Сіз де қазақ ән өнеріне өшпес мұра қалдырған Шәмші ҚАЛДАЯҚОВ, Әсет БЕЙСЕУОВ, Әбілахат ЕСПАЕВ сынды композиторларды еске алу кешін жиі ұйымдастырып келдіңіз. Соңғы кезде мұндай кештерді өткізуді Шәмші Қалдаяқовтың отбасы да қолға алыпты. Бұдан былай қатар ұйымдастыра бересіздер ме?  

– Шәмші Қалдаяқовты еске алу жобасын 1992 жылы бастадым. 31 жыл болды. Былтыр қараша айында ғана өткіздік. 23 сәуірде Шәмшінің әндеріне арналған еске алу кеші өтеді. Оны екі балам ұйымдастырып жатыр. Қазірдің өзінде әлеуметтік желі арқылы билет өтіп кетті.

Ш.Қалдаяқов. Фото: ғаламтордан

Жалпы, әншілер неге жеке концерт беруге құмар? Халық  тарапынан сұраныс бар. Көрермен бармаса, қайдағы концерт? Әйтеуір сұранысқа ие болып тұрған кезде кеш өткізіп жағдайын жасап алғысы келеді ғой.

Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе облысының әкімі Шәмші Қалдаяқовтың ескерткішін қойды. Енді Атырауда кеш өткізсек дейміз. Облысқа сұраныспен ғана бара аламыз. Әйтпесе, әншілерді апару, орналастыру, қаламақы төлеу – бәрі шығын. Биыл өз шығармашылығыма да 35 жыл толады. Келесі жылы Астана, Алматы, Шымкент, Түркістан қаласында кеш өткізсем деген ойым бар.

Бірақ композитор Шәмші Қалдаяқовты еске алу кешін тоқтатпаймыз.  Шәмшінің екінші ұлы Мұхтар ҚАЛДАЯҚ «Шәмшінің кешін өзіміз өткіземіз» деп арасында мені сотқа берем деп қорқытып қояды.

Биыл Астанада өткізді. Мен ғана емес, отбасы да ұйымдастырып жатыр. Оған «неге өткізесің?» деп айтуға құқым жоқ, олардың да маған олай айтатын жөні жоқ.

 Осындай концерттер арқылы сізді біраз әншінің жұлдызын жақты деуге бола ма?

– Өте көп. Эстрадада жүрген әншінің көбі менің концертім арқылы танылды. Тіпті, «Музарт» топ болмай тұрғанда МЕЙРАМБЕК, СӘКЕН, МАҚСАТ үшеуі өз атымен шығып, өнер көрсетті. Бір айдан кейін топ құрылды. Бірақ соның біреуіне міндетсінген кезім жоқ. Талантты тани білуге тырыстым. Жеріне, руына қарамадым, әні жақсы ма, жақсы орындай ма, болды, ол – менің туысым, ол – менің бауырым. Ол ол ма, талайының әніне тегін өңдеу жасап бердім.  

 Бүгінгі қазақ эстрадасына берер бағаңыз қандай?

– Қазір қазақ эстрадасы жабайы түрде дамып жатыр. Көбі шетелден ұрланған әндер. Әйтеуір қазақша мәтін жаздыртып, тойға барып, ақша тауып жүр. Басында бұлар ұрлағанына қысылатын еді, қазір ұялуды қойды. Қазақ эстрадасы дүбәра әндерге толып кетті. Бұл да уақытша шығар. Сондықтан көркемдік кеңесті министрлік жанынан қайта құрып, жанды дауыста ән айту мәселесін қайта көтеру керек сияқты. 

Фото: ғаламтордан

 Осыдан бір-екі жыл бұрын «қазақ эстрадасындағы әншілердің 90 пайызы жезөкше» деген едіңіз. Осы пікіріңізден кейін өнердегі әнші әпке-қарындастарыңыз ренжіген жоқ па?

– Ренжитін жөні жоқ қой. Арасында өкпелеген бір-екеуі сотқа бермекші болды. «Мен сенің аты-жөніңді айттым ба? Сотқа бере бер» дедім. Бірақ әнші Жанар АЙЖАНОВААйгүл ЕЛШІБАЕВА менің пікірімді жақтапты.

Өткенде Болат НАЗАРБАЕВТЫҢ тоқалы болған Динара ӘЛЖАН да «бір рет қойынға жатып, 70 мың доллар берді, 20 мыңның сырғасын сыйлады» деген жоқ па? Осыдан кейін-ақ әншілердің сондай екеніне халықтың көзі жете бастады ғой.

Өнерді тазалау қажет. Сахнада халықтың көзіне тура қарайтындай ары таза болуы керек. Әр адамның еңбегіне қарай алатын сыйы бар. Өз өнерін лас жолмен емес, таза еңбекпен алып шығатынын дәлелдеуі тиіс. Таланттарды мемлекет қорғауы керек, ал талантсыздар жаңағыдай жолмен өмір сүреді.

«Мақпал Жүнісова – тағдырлы әнші»

 Әлгінде әнші Мақпал Жүнісова туралы айтып қалдыңыз. Қазір әншіні қаралау операциясы қайта басталған сияқты ма?

– Сенің жер басып жүргенің басқа біреуге ауыр тиюі мүмкін. Адамның алдымен өнерін бағалаймын. Мақпал ЖҮНІСОВА Заманбек НҰРҚАДІЛОВКЕ тимегенде де Мақпал болып қалар еді. Онсыз да халық әртісі атанар еді.

Тіпті Мақпал Заманбекке тимесе, қазір жағдайы жақсы болар еді деп ойлаймын. Ол кезінде Заманбек Нұрқаділовтің әйелі болғаны үшін ғана баратын жеріне бара алмай, аяқ-қолы тұсаулы жүрді ғой.

Мақпал өзі тиген жоқ, Заманбек оны алды. Заманбек кімді сүйіп, кімді алады, өзі біледі. Егер Мақпал Заманбекке күйеуге тигеннен кейін әнші ретінде танылса, таланты ашылса, түсінер едім.

Фото: ғаламтордан

Мақпал Жүнісова – тағдырлы әнші. Ақан Сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Балуан шолақ тарихта өнер адамы ретінде қалды. Сол кезде олардан да мықты әншілер болмады деп ойлайсыз ба? Осы бес адамды халықтың жүрегінде мәңгі қалдырған не нәрсе? Олардың тағдыры. Сол сияқты  Мақпал мен Заманбектің қосылғаны ғасырдан ғасырға аңыз боп кете береді. Сондықтан олардың қазақ өнеріне қосқан үлесін ғана айтуымыз керек.   

 Сұхбатыңызға рақмет!