17.01.2023, 17:05

Баян Мақсатқызы "Мәншүк" туралы сериалын сынаған ғалымға әлеуметтік желіде жауап қайтарды

фото: Caravan.kz

Жуырда ғана Баян Алагөзова Кеңес одағының батыры, қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметоваға арнап сериал түсірген еді. Алайда, туынды сынға ілініп те үлгерген. Әдебиеттанушы-ғалым Мақсат Тәж-Мұрат "Түркістан" газетіне "Бұл - Мәншүктің әруағын қорлау" деп мақала жариялаған деп мәлімдейді Paryz.kz ақпараттық агенттігі Caravan.kz медиа-порталына сілтеме жасап.

Құрметті Мақсат Тәж-Мұрат мырза! "Түркістан" газетінде жарияланған Сіздің сыни мақалаңызбен аудартып алып, егжей-тегжейлі танысып шықтым. Үлкен ізденіс пен тарихқа деген адалдығыңыз үшін алғыс айтамын. Сіздей азаматтар Желтоқсан не Жаңаөзен оқиғасын зерттесе, қандай пайдалы іс болар еді деп ойлап отырмын - деген ол.

Және өзінің Мәншүк Мәметовамен жерлес екенін айтып, мұндай туынды түсіру бұрыннан бергі арманы екенін айтқан.

Енді сынға келетін болсақ. Біз бірде бір пресс-конференция не релизде деректі фильм түсіріп жатырмыз деп жариялаған жоқпыз, 100 пайыз тарихи шежіре дайындаймыз деп те хабарламадық. Көркем фильм, жалпы көркем шығарма деген дүниенің жанрлық ерекшелігі - автордың қиялына ерік бере білуінде. Сіздің Мәншүк биязы, қой аузынан шөп алмайтын, талдырмаш ару болса, біздің Мәншүк - ақтық шайқаста шімірікпестен 70 адамды өлтіре алатын Мәншүк - қайсар да, өжет, батыр да, батыл жауынгер. Өзін, өзінің пікірін қорғай алмайтын адам Кеңес Одағының батыры болуы мүмкін емес-ау. М.Мәметова жайлы бірнеше зерттеуді, биографиялық естелік пен көркем шығарманы түгел оқып шықтық. Арасынан бізге келіңкірейтін эпизодтарды алдық, кейбір оқиға мен кейіпкерді ойдан құрастырдық - дейді Баян Мақсатқызы.

Продюсер сынға дайын болғандығын, десе де сериалдың өз көрерменін тауып миллионнан астам қаралым жинағанын жеткізді.