Қазақстандық телехикаялар шетелдік арналардан көрсетіледі

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы өндірген отандық өнімдер алдағы уақытта шетелдік телеарналардан көрсетіледі. Бұл туралы «Қазақстан» РТРК» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қазақстандық телехикаялар шетелдік арналардан көрсетіледі
сурет интернеттен алынды

«Qazaqstan» Ұлттық арнасының 7 телехикаясы, «Balapan» арнасының 5 анимациялық жобасы АҚШ-та кабельдік арналар, ал Латын Америкасы елдерінде VOD және онлайн-каналдар арқылы көрсетіледі. Енді «Ғазиз жүрек», «Оралу», «Қашқын», «Жаңғырық», «47 баланың анасы», «Шырағым», «Саған сенемін» телехикаялары мен «Balapan» телеарнасының «Тынымсыз шөжелер», «Сәби», «Еркелер», «Шахмат патшалығы», «Пырақтар» анимациялық жобалары аталған елдерде ағылшын, испан және португал тілдерінде көрсетіледі.

Келісімшарт АҚШ-тың желілік және спутниктік хабар тарату қызметін жүзеге асыратын «Olympusat» компаниясымен жасалды.

Сонымен қатар телерадиокорпорация өндірген бірқатар жобалар ТМД-дағы ең үздік онлайн-кинотеатр саналатын IVI.RU платформасына жүктеледі. Бұдан былай «Текетірес», «Абысындар», «Жаным менің», «Қазбат», «Қанатсыз құстар», «Ғазиз жүрек», «Шырағым», «Үзілмес үміт» сериалдары мен «Күлкі іздеген Күнекей», «Сәби», «Еркелер» мультсериалдарын аталған платформадан тамашалауға болады. IVI.RU платформасының контенті бір айда 50 миллионға жуық қаралым жинайды.

Ал отандық «Әке», «Шырағым» телехикаялары бүкіләлемдік «Amazon Prime» платформасында көрсетіле бастайды.