Айтыскер ақын Балғынбек Имаш әріптесі Айнұр Тұрсынбаеваны аяғын жерге тигізбей мақтады, деп жазды paryz.kz ақпараттық агенттігі Caravan.kz медиа порталына сілтеме жасап.
"Түркі халықтарының ғана емес, Адамзаттың Астанасы болуға лайық Мармараның маржаны, Босфордың бағы, Шығыс пен Батысты, Еуропа мен Азияны тоғыстырған Қос Өркениеттің Алтын көпірі, Жерорта теңізінің жауһары, Қара теңіздің қазынасы - Стамбул шаһарында ғажап той өтті. Ол Алаштың ақ туы, Айтыстың аққуы - Айнұр досымның ұлы Беклан мен келіні Мадинаның үйлену тойы. Тікелей эфирден он мыңдаған адам көрген шығар, тойдың болғанынан боладысы қызық деген екен. Осы тойға келген де, келмеген де, көрген де, көрмеген де арманда. Айнұр туралы сөз қысқа: қазақтың бағына туған жан. Аңқылдаған ақ пейілі, жарқылдаған жомарттығы, саңқылдаған шешендігі, сарқылмаған қуаты (энергиясы) Алланың оған берген нығметі. Көп жігіт оның қасында жіп есе алмай, көп жұлдыз қолына су құюға жарамай қалады.
Ал мына суреттегі Айтақын ағам мен Бекарыс туралы сөз бөлек. Айтақын 80-ші жылдардың ортасынан бері 40 жылға жуық қазақтың қара өлеңіне, айтысы мен руханиятына қызмет етіп келеді. Біреулер мақтайды, біреулер даттайды.
“Айтыста Айтақыннан мықтымын дегендер Балғынбектей шәкірт тәрбиелеп, Жандарбектей ұл туғызып алсын” депті бір қандасымыз. Айтағамды
тойға шақыру оңай емес, Айнұр үшін Стамбулға шауып келгеніне таңым бар...
Ал Бекарыс - ол Айтыстың Бейбарысы!
“Алтын домбыраға" лайықты бірден бір ақын болса, мен үшін ол - Бекарыс Шойбеков! Бекарысқа ол “Алтын домбыра” керек емес! “Алтын домбыра” өз құнын жоғалтпау үшін Бекарыс Шойбеков иеленуі керек болды. Өйткені, Бекеңнің өзі де, сөзі де “самородок".
Осы айтулы ақындар Айнұр мен Ілиястың құлыншағы үшін ұшақ қанатын талдырып Түркияға арнайы келді. Тойың тойға ұлассын, менің КОБРАМ!
Енді Айдана қызымыз да өз бақытын тапсын!, деп жазды айтыскер ақын.