Отандық әнші Жазира Байырбекова жұбайлық өміріндегі қиын кезеңдерді еске алды, деп хабарлайды Paryz.kz, Nur.kz-ке сілтеме жасап.
Айтуынша, ол тұңғыш ұлына жүкті кезінде үйінде тамақ болмай қалған күндерді басынан өткерген. Әнші екі күн бойы алманы талғажау еткенін жеткізді.
Бұл туралы ол өзінің желідегі парақшасында жазды.
"Ол кезде Қазбекке аяғым ауыр еді. Жанболат оқушылар сарайында жұмыс істеп жүр. Мен студентпін. Бірнеше айдан бері айлық берілмей жүрген кез. Азық-түлік алуға ақша жоқ. Таудан алма теріп әкеліп, алмадан басқа ештеңе жемегенімізге 2-3 күн болған. Бір орыс әжейдің үйінің 1 бөлмесін жалдап тұрамыз. Бір күні әжей үйге иісін шығарып етпен картоп қуырды. Өзім жерікпін. Иісін иіскеп, жегім келгеннен жылағым келді. Әжей өз тамағын жасап, жеп далаға шығып кеткен кезде шыдай алмай 2-3 түйір піскен картобын ұрлап жегенім есіме түсіп, қазір ұялып отырмын. Сол ұрлығым үшін Алладан кешірім сұраймын. Сол күні кешке терезеден қарасам Жанболат жұмыстан келе жатыр. Бір қолында бір бөлке нан, бір қолында қауын бар. Екі қолын көтеріп, көрсетіп қояды. Сол нан мен қауын үшін бақытты болып, қуанғаным есімде… 1996 жыл", - деп жазды ол.