Әлинұр мен Бекнұр Париждің La Seine Musicale сахнасында қазақ және француз тілдерінде ән шырқады.
Қазақстан "Junior Eurovision 2021" байқауында сегізінші орын алды деп хабарлады Paryz.kz.
Әлинұр Хамзин мен Бекнұр Жәнібекұлы Парижде өткен "Junior Eurovision 2021" ән байқауында 121 балл жинап, сегізінші орынға ие болды. Халықаралық байқаудың қорытындысы "Хабар" телеарнасының тікелей эфирінде көрсетілді.
Әлинұр мен Бекнұр Париждің La Seine Musicale сахнасында қазақ және француз тілдерінде ән шырқады.
Жас өнерпаздар батырлар киетін сауыт стиліндегі металл жылтыры бар костюмдерде өнер көрсетті. Сахнаның безендірілуі әншілер орындаған ән атауына сәйкес ертегі әлемін бейнеледі. Әннің қазақ тіліндегі бөлімін Әлинұр орындаса, Бекнұр француз тілінде рэп оқыды.
"Хабар" агенттігінің басқарма төрағасы Ерлан Бекхожин Қазақстанның "Junior Eurovision 2021" байқауына жаңалық енгізгені туралы айтты. Осы жылы байқауға қатысуға алғаш рет ерекше мұқтаждықтары бар бала мүмкіндік алды.
Келесі жылы «Junior Eurovision 2021» өзінің 20 жылдық мерейтойын атап өтеді. Жыл сайын байқауды өткізу деңгейі ауқымымен қатар өсіп келеді. Алайда, осы уақыт аралығында Қазақстан конкурсты жаңа қырынан ашты. Еліміз байқауға инклюзивті сипат берді. Қазір бұл туралы көптеген халықаралық сарапшылар, еуропалық БАҚ жазып жатыр. Музыка – бөліну және бәсекелестікке орын болмайтын ерекше әлем екенін балалар байқауында көрсетіп жатырмыз. Бұл біздің байқаудың дамуына қосқан үлесіміз, - деді Ерлан Бекхожин.
Биыл Армения қатысушысы Малена 224 ұпай жинап, байқау жеңімпазы атанды. Екінші орынды Польшадан келген Сара Джеймс алды. Ол 218 ұпай жинады. Франция өкілі Энцо 187 ұпай жинап, үздік үштікке ілікті.
"Junior Eurovision 2021" байқауына әлемнің 19 елінен келген дарынды балалар қатысты. Олардың қатарында Ресей, Қазақстан, Әзербайжан, Албания, Армения, Болгария, Германия, Грузия, Ирландия, Испания, Италия, Мальта, Нидерланды, Польша, Португалия, Солтүстік Македония, Сербия, Украина және Франция елдері бар.