Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

"Неге орысқа тидің деп көп адам сөкті": Бір күнде танылған сылақшы келіншек жеке өмірін жайып салды (ВИДЕО)

Менің өзімнің жеке ойым, арамыз суып кеткен сияқты. Ұлымыз екеуінің арасы өте жақын. Екеуі бір-бірін қатты жақсы көреді. Сондықтан, ол туралы әңгіме айтылса, көзімнен жас шыға береді.

"Неге орысқа тидің деп көп адам сөкті": Бір күнде танылған сылақшы келіншек жеке өмірін жайып салды (ВИДЕО)
фото: видеодан скриншот

Тамылжыта ән салу арқылы әлеуметтік желіде бір күнде танымал болып шыға келген сылақшы келіншек Гүлмайдан Серікова HIT TV телеарнасының "Менің өмірім" бағдарламасына сұхбат беріп, өз өмірі туралы шындықты жайып салды деп хабарлайды Paryz.kz

Оның айтуынша, қазіргі таңда ол өзіне қатысты жазылған желідегі пікірлердің әрқайсысына мән беріп, көңіл аударып отырады екен. Себебі, ол осы арқылы халықтың өзі туралы ойын білгісі келеді және бойындағы мінін түзегісі келетін көрінеді. Тіпті өзінің бет-әлпетіне қатысты ақыл-кеңес айтып, пікір жазатындардың қарасы да көп.

Әсіресе, шашының қысқалығына туралы сұрайтындар да аз емес.

Шашым жұқа болып кетті. Көп түсетін. Уақыт өте келе жолдасыммен арамыз суып кетті. Тамақ ішуден қалдым, сыртқа шығып күлуден қалдым. Ештеңе қызық емес. Негізі ұзын болған. Бір күні өзімнен өзім тұрдым да, станокпен тақырлап алып тастадым. Ол қыс айы болатын. 29 желтоқсан. Мынау бір жылда өскен шашым. Кейіннен қатты өкіндім. Неге алып тастадым деп. Шашты қалыңдатудың жолдары көп қой. Бірақ негізі жалғыз ол ғана емес себебі. Күйзеліс болды. Ақымды шашымнан алғым келген сияқты. Айтайын дегенім, көп адамдар шашыңды өсір деп жазып жатыр екен. Ол бірден бола қалмайтын нәрсе. Бір жылда өскен шашым осы. Шашым жай өседі. Өткенде бір кісі жазып қойыпты: "Қазір бар ғой неше түрлі шаш жалғап қоятындар" деп. Бірақ оның алдындағы бір пікірді оқысам, керісінше, ернін жасатпаған, кірпік жалғамаған, табиғи келбет деп сүйсініпті. Барлық пікірлер бір-біріне қарама-қайшы. Сол үшін қалай бармын, солай жүре беремін. Ештеңені өзгертуге зауқым жоқ. Боянбас та едім, - дейді әнші.

Сондай-ақ ол жақында ажырасқан жолдасы өзге ұлт өкілі болғанын жасырмады. Бес жыл отасқан жарымен дәм-тұзы жараспай, екеуі екі жаққа кетуді шешкен көрінеді.

Оның көзқарасы басқа, менің көзқарасым басқа болды. Екеуіміз мүлдем екі бөлек адам екенбіз. 21 жасымда тұрмысқа шықтым. Ұнаттық, сүйдік, сөйтіп қосылған едік. Бірақ аяғында екеуіміз бірге тұра алмайтынымызды түсіндік. Екеуіміз у-шусыз, үлкендерше екі бөлек кеттік, - дейді Гүлмайдан Серікова.

Айтуынша, ажырасқан соң, Алматыға келіп, күнкөрістің қамымен түрлі қара жұмыс істеуге кіріскен. Үй жинау, құрылыс басындағы жұмыстар, автобуста кондуктор болу сынды жұмыстар істеген.

Тауық сойып, оны тазалаумен айналысқанмын, егістік басына барып та жұмыс істеп көрдім. Ауылда өскеннен кейін барлық шаруаға епті болдым. Жиіркеніп, жұмыстан қашпаймын. Ондайым жоқ. Сөйтіп, еңбектеніп жүрген кезімде аяқ астынан болып кетті", - дейді әнші.

23 жасында ана атанған оның бүгінде 4 жасар ұлы бар.

Қазір айтқым келмейді. Ажырасқан деген сөздерден қашамын. Менің өзімнің жеке ойым, арамыз суып кеткен сияқты. Ұлымыз екеуінің арасы өте жақын. Екеуі бір-бірін қатты жақсы көреді. Сондықтан, ол туралы әңгіме айтылса, көзімнен жас шыға береді. Отбасылық өмір мен өнер жолын бірге қатар алып жүру қиын болатын сияқты. Себебі мен рухани мықты адам емеспін. Кейде өкініш болады. Неге тұрмысқа шығуға асықтым екен деп ойлаймын. Ойлағанымдай болғаным үшін қынжыламын. Негізі кім ажырасқысы келіп ажырасады? Екінші, үшінші болғанын қаламаймын. Балама басқа адам әке бола алмайды. Ал ұлымның әкесімен қосылу мүмкін емес. Себебі арамызда көп нәрсе болған. Әйел мен күйеу болып тұру үшін, жоқ дегенде 2-3 ортақ қызығушылық болуы керек. Ал ол кісі екеуіміздің талғамымыз да, барлығы сәйкес келмейді. Оны бірге тұрып бастаған кезде ғана түсіне бастайды екенсің, - дейді Гүлмай Серікова көзіне жас алып.