"Басқалай баға беру мүмкін емес..."
Төлеген Мұхамеджанов "Грэмми" жүлдесінің иегері атанған Иманбек Зейкеновтің танымалдығына қатысты пікір білдірді. "Алга Петербург" бағдарламасына берген сұқбатында сазгер қазақ жігітінің туындысы Түркияда да хит болып жатқанын көріп, таңғалғанын айтады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Қазақтың атақты композиторы Төлеген Мұхамеджанов қазақ елін әлемге танытып жүрген қазақстандық жастар туралы өз ойын айтты. Димаш пен Иманбекті феномен деп атаған Мұхамеджанов қазіргі таңда олардың шығармашылығын қалт жібермей бақылап отыратынын жеткізді.
Бізде қазақта феноменалды, аса дарынды тұлғалар аз болған жоқ. Мәселен, Әлібек Днішев. Кезінде әлеуметтік желі болған жоқ демесең, оларды халық қалай сүйіп тыңдайтын?! Одақ бойынша Әлібектің аты танымал болатын. Ал Роза Рымбаева ше? Ол музыкада сенсациялық жаңалық ашты. "Золотой трофейді" жеңіп алғанда, өзге де музыкалық байқаулардан бірінші орын алғанда, "Әлия" әнімен танылғанда оны бүкіл ел жақсы көрді. Мұндай жандар бұрын да болған. Сондықтан мен қашанда мұндай жастармен мақтанамын. Мысалы, Түркияда жергілікті "Аура" деген бағдарлама бар. Міне, сол бағдарламада күніне бес-алты рет Иманбектің әнін қосады. Жүргізушілер "Иманбеееек" деп айқайлап жатады. Біз де бірден дауысын шығарып қойып, тыңдаудан жалықпаймыз. Мен оның шығармашылығын үнемі бақылап отырамын. Біздің жап-жас қазақ жігіті алыстағы Түркияда танымал. Бұл өте таңғаларлық жайт. 20 жастағы ауыл баласы осындай керемет жетістікке жетіп отыр. Иманбек те, Димаш та Алланың берген сыйы. Әйтпесе, бұны сәттілік деп айтуға болмайды. Бұл жолы болғандық емес, бұл - құбылыс. Басқалай баға беру мүмкін емес. Бұл - нағыз құбылыс. Өте дарынды, музыкалық білімсіз, жақсы аппаратурасыз, осындай әлемдік деңгейдегі музыканы жасап шығарған керемет жігіт. Жүздеген миллион тыңдарман оны әлем бойынша тыңдайды. Бүкіл әлем оның хитіне билейтіні қандай керемет. Біз оның шығармашылығына қатты бақылаймыз. Тоқтамасын, дамысын. Қандай сүп-сүйкімді, тартымды жігіт. Жақында өз күшімен клип түсірді. Мен салмақты композитор ретінде оны мүлдем мойындамасам да болар еді. Бірақ біз заманның ағымынан қалмауымыз қажет. Мыңдаған музыкант, ди-джейлер таныла алмай жүргенде, түкпірден, ауылдан шыққан жігіттің поп-музыкада өз стилін ашуы деген не деген керемет. Ал бұл бала алды да, таныла кетті. Иманбек поп-музыкада жаңалық ашты. Бұл таңғаларлық жайт, - деді ол.