Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында өткен баспасөз брифингінде ҚР Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумның Шымкент қаласы бойынша қоғамдық штабының төрағасы Сатқанбаев Еркін Тұрниязұлы айтты деп хабарлайды Paryz.kz.
Мемлекет басшысы 29 сәуірде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXI сессиясында сөйлеген сөзінде Конституцияға өзгерістер енгізу жөнінде референдум өткізуді ұсынды. 2022 жылдың 5 мамырында ҚР Президенті Жарлыққа қол қойды.
«Жұмыс тобы Ата Заңның 33 бабына түзетулер әзірледі. Бұл – тұтас Конституцияның үштен бір бөлігі. Осы өзгерістерді енгізу туралы заң жобасы Конституциялық кеңестің қарауына жіберілді, жақын арада шешімін шығарады. Алдағы ауқымды әрі маңызды өзгерістер ел болашағына айрықша әсер етеді. Сондықтан мен Ата заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде республикалық референдум өткізуді ұсынамын», – деді Қ.Тоқаев.
Баспасөз брифингінде Шымкент қаласындағы құрылған штабтың алдағы уақытта атқарылатын жұмыстары туралы айтылды. Бұл жұмысшы топ – конституциялық өзгерістердің бағыттарын халықтың қарауына ұсынылған мәтінде келісім беру, зерделеу, дауыс беруіне мүмкіндігінше қолдау жасалатыны айтылды.
Қазақстанның әрбір азаматы Конституцияға өзгерістер енгізу қажеттігі туралы өз пікірін білдіруге құқылы екені заңда көрсетілген. Сондықтан да біз Мемлекет басшысының Конституцияға ұсынылатын түзетулерді референдум шеңберінде бүкілхалықтық дауыс беруге шығару туралы шешімін қолдаймыз. Бұл азаматтардың сенімін ақтайтын дұрыс қадам. Референдумның нәтижелері халықтың еркі мен оның ел болашағын түсінуінің айқын дәлелі болмақ.
Біз күш-жігерімізді біріктіріп, республикалық референдум өткізуге дайындыққа ат салысамыз. Конституциялық түзетулердің мағынасы мен ережелерін түсіндіру, олардың Қазақстанның одан әрі дамуына қандай ықпал етуге қабілетті екенін жеткізу үшін еліміздің барлық өңірлеріндегі халықтың түрлі топтарымен белсенді жұмыс жүргізетін боламыз. Халықтық референдумды жүргізу халықтың мемлекет жүйесін басқаруға тікелей бағытталған ауқымды өзгеріс,- деді төраға.
Айта кетейік, қаладағы қоғамдық штаб қатарына ірі үкіметтік емес ұйым өкілдері, ғалымдар, блогерлер мен журналистер, жастар мен ардагерлер қауымдастығы, этномәдени орталықтардың жетекшілері біріктірілді.
Дереккөз: Шымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы