Прямая трансляция

Астана

Астана

-7.03°C

Қазақтың ашаршылық туралы фильмі – "Оскар" сыйлығына үміткер (ВИДЕО)

"Бізге түсірілімге және постпродакшенге ақша жетпеді. Қолдауды ұзақ күттік, тіпті, уәде бергендер болды. Бірақ соңында бір тиын да алмадық. Сондықтан жобаға барымды салуға тура келді", - дейді фильмнің продюсері.

Қазақтың ашаршылық туралы фильмі – "Оскар" сыйлығына үміткер (ВИДЕО)

Қазақстандық "Ұлы дала зары" фильмі жылдың басты киножүлдесіне – голливудтық "Оскарға" ұсынылды. Картина "Шет тіліндегі үздік фильм" номинациясы бойынша конкурстың лонг-листіне енді, деп хабарлады paryz.kz, holanews.kz-ке сілтеме жасап.

"Ұлы дала зары" көркем фильмінде 1920-30 жылдардағы ашаршылық туралы баяндалады. Ол кезде 8,5 миллионға жуық адам аштықтан қырылып қалған еді. 1,5 миллионнан астам адам отанын тастап, басқа елдерге қашуға мәжбүр болған.

Фильмнің премьерасы жақында Лос-Анджелесте өткен халықаралық Азия кинофестивалінде өтті.

"Біздің фильм бес жыл бойы түсірілді. Оның себебі – қаржыландырудың жоқтығынан. Бізге түсірілімге және постпродакшенге ақша жетпеді. Қолдауды ұзақ күттік, тіпті, уәде бергендер болды. Бірақ соңында бір тиын да алмадық. Сондықтан жобаға барымды салуға тура келді. Осы уақыт аралығында мен барлық мүлкімді саттым, қарыз алдым, пәтерімді кепілге бердім. Алайда осындай фильм түсіруге деген тілегім мен құлшынысым маған жарты жолда тоқтап қалмауға көмектесті. Бұл – біздің қатыгез заманда өмір сүрген ата-бабаларымыздың алдындағы азаматтық парызымыз", - деді Ернар Мәліков.

Фильмді еліміздің Кинематографистер одағы жанындағы Қазақстанның Оскар комитеті таңдады. Қазылар алқасының құрамына Асанәлі Әшімов, Олег Борецкий, Фархат Әбдірайымов, Фархад Шәріпов, Арман Асенов, Сатыбалды Нарымбетов және Қанат Төребай сынды кино өнерінің белгілі қайраткерлері кіреді.

Фильм продюсері Ернар Мәліковтың айтуынша, биыл Қазақстаннан бірден бірнеше картина "Оскарға" елді таныстыруға үміткер болған. «Ұлы дала зарына» қазылар алқасының жеті мүшесінен төртеуі дауыс берген, екеуі қарсы болған, біреуі қалыс қалған.

Айта кетсек, бұдан бұрын аталмыш фильм "Алтын глобус" сыйлығының лонг-листіне енді. Картина "Шет тіліндегі үздік фильм" санатындағы сыйлық үшін күреседі.

1992 жылы Қазақстан алғаш рет «Оскарға» фильм ұсынды және 2006 жылдан бастап жыл сайын ұсынып келеді. Конкурстың лонг-листіне Қазақстан үш рет енді. Олардың қатарында: 2008 жылы Сергей Бодровтың "Моңғол", 2009 жылы Ермек Тұрсыновтың "Келін" және Сергей Дворцовтың «Айка» картиналары бар. "Оскардың" шорт-листіне енген жалғыз картина – Бодровтың "Моңғол" фильмі.