Прямая трансляция

Астана

Астана

-6.03°C

Қызылорда әкімдігі қардың үстіне асфальт төсеген мердігермен соттасуда

Жоба бойынша 1 шақырым жолға асфальт төсеу үшін 34,6 миллион теңге жұмсалған. Бірақ, ала жаздай бейқам жүрген мердігер кемшілігін мойындар емес.

Қызылорда әкімдігі қардың үстіне асфальт төсеген мердігермен соттасуда
фото: видеодан скриншот

Қызылордада жол салушы жеке компания күн суытып, қар жауып тұрса да көшеге асфальт төсеген. Жауапсыз мердігердің ісіне наразы болған Қызылжарма елді мекенінің тұрғындары дереу құзырлы органдарға арызданды, деп хабарлады paryz.kz, "Қазақстан" ұлттық арнасына сілтеме жасап.

Арна мәліметінше, жергілікті тұрғындар көптен күткен көшенің жөндеу жұмыстары жоба бойынша жаздың ортасында аяқталуы тиіс болатын. Бірақ, құрылысты осы күнге дейін созып келген мердігер мекеме қарашаның қара суығында ұзындығы 1 шақырым болатын жолдың 450 метріне сапасыз асфальт төсеп үлгерген.

Жылдар бойы көшенің жөнделуін күткен тұрғындар жұмыстың қыс түскенде басталғанына аң-таң. Ауа райының қолайсыздығы былай тұрсын, асфальтты атүсті төседі дейді.

"Жер былшылдап жатыр, батпақ бәрі. Соның үстіне істеп жатыр. Оның сапасы бар ма, жоқ па, білмейміз. Көргеніміз сол", - дейді ауыл тұрғыны Әлдеш Бөгетов.

Жоба бойынша 1 шақырым жолға асфальт төсеу үшін 34,6 миллион теңге жұмсалған. Бірақ, ала жаздай бейқам жүрген мердігер кемшілігін мойындар емес. Ол кінәсізбін дегенмен, жылжымалы зертханамен жолдан сынама алған мамандар өрескел олқылықтарды анықтап берді. Соған сәйкес, жөндеу жұмыстары тоқтатылды.

"Күзгі мезгілде +10 градустан төмен қарай асфальт салуға болмайды. Оның үстіне ыстық асфальт жамылғысын. Негізі жоба бойынша 6 см салу керек, бірақ, тексеру барысында 3,8 сантиметр шығып отыр. Битуммен өңдеу жұмыстары жүргізілмеген", - деді "Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы" РМК облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Ержан Усманов.

Тапсырыс берген ауыл әкімдігі мердігер мекемені сотқа берді. Жолдың талапқа сай болуын құзырлы орган өкілдері де бақылауда ұстамақ.