Жантүршігерлік жол апаты: Атырау облысында 9 адам мерт болды

Соққының қатты болғаны соншалық, көліктердің сау-тамтығы қалмапты.

Жантүршігерлік жол апаты: Атырау облысында 9 адам мерт болды

Атырау-Ақтөбе тас жолында, шамамен Жамансор мен Мақат ауылдарының арасында жантүршігерлік жол апаты болды. Renault Duster пен Geely көліктері соқтығысып, соның салдарынан 9 адам көз жұмған. Соққының қатты болғаны соншалық, көліктердің сау-тамтығы қалмапты. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Facebook-тегі парақшасында мәлімдеді, деп жазады paryz.kz.

"4 қазан күні Атырау облысында қайғылы жол-көлік оқиғасы орын алды. Атырау-Ақтөбе бағытындағы тас жолда екі көлік соқтығысып, салдарынан екі көліктің жүргізушісі, жолаушылар – барлығы 9 адам түгелдей көз жұмды. Қазіргі уақытта қаза тапқандардың аты-жөндері анықталуда. Оқиға орнында жедел тергеу тобы жұмыс істеп жатыр" деп жазды министр.

Осы орайда, ол жол-көлік оқиғаларының 96%-ы жүргізушілердің кінәсінен орын алатынын атап өтті. Айтуынша, патрульдік кезекшіліктер және бейнекамералар жоқ автожолдар мен тас жолдардарда жүргізушілер өрескел ереже бұзушылықтар жасайды: жылдамдықты шамадан тыс арттырып, тыйым салынған және қауіпті аймақтарда алдыңғы көлікті басып озуға тырысады.

"Ал мұндай желігудің соңы көбіне қайғылы апатқа, орны толмас өкінішке ұрындырып жатады", – дейді ол.