Оралда дүкенде ер адам сүйіктісін пышақтап тастады (ВИДЕО)

Ер адам Ақтөбе қаласының тұрғыны. Ол Оралға бірнеше күнге сүйіктісімен кездесуге келген.

Оралда жігіт сүйіктісіне қастандық жасады деп хабарлайды Paryz.kz, Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Күдіктіні полиция қызметкері қылмыс үстінде құрықтады. Оқиға 9 маусым күні кешкі 23:00 шамасында Орал қаласындағы көпқабатты үйлердің біріндегі жертөледе орналасқан дүкенде болған.

БҚО ПД Анықтау бөлімінің аға тергеушісі Алтынбек Темірланов жұмыстан үйіне қайтып бара жатып, тоғыз қабатты үйдің бірінші қабатында орналасқан дүкеннен жүгіріп шыққан ер адамды, оның артынан әйелдің айғайлап жатқанын көреді.

Алтынбек Темірланов дереу көмекке жүгіріп, қосымша күштерді шақырады. Алтынбек ер адамды қуып жетіп, оны ұстамақ болғанда қылмыскер қарсылық көрсете бастайды. Нәтижесінде полицейге “Сова” түнгі патрульдік тобы көмекке келіп, күдіктіні құрықтап үлгереді.

Облыстық Полиция департаменті хабарлағандай, 9 маусым күні 1984 жылы туған О.есімді ер адам Мөңкеұлы көшесіндегі азық-түлік дүкеніндегі сатушыға шабуыл жасаған.

"Дүкенге орнатылған бейнебақылау камераларынан жазбаларды қарау кезінде ер адам мен әйел арасында жанжалдың қалай туындағанын көруге болады. Оқиғаға сол дүкенде тағы бір сатушы мен жәбірленушінің кәмелетке толмаған қызы куәгер. О. есімді ер адам екінші сатушыны итеріп жіберіп, жәбірленушіні ұрып-соғып, оны пышақтап жіберген, содан кейін ол оқиға орнынан қашып шыққан кезде БҚО ПД қызметкері құрықтап үлгерді, – деп атап өтті полицияда.

Жәбірленуші облыстық көпсалалы ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне ауыстырылды. Тергеу барысында анықталғандай, ұсталған адам мен жәбірленуші үш жылдай тығыз қарым-қатынаста болған. Ер адам Ақтөбе қаласының тұрғыны. Ол Оралға бірнеше күнге сүйіктісімен кездесуге келген.

9 маусым күні сағат 23:00 шамасында ол жәбірленушінің жұмыс орнына келіп, қызғаныштан өзі алып келген пышақпен жарақаттаған.

"Қылмыс кезінде О. есімді ер адам алкогольдік мас күйде болған. Бұрын сотталмағаны және еш жерде жұмыс істемейтіні анықталды. Толығырақ ақпарат сотқа дейінгі тергеудің соңында жарияланады, – деді БҚО ПД ресми өкілі Болатбек Белгібеков.

Қазіргі таңда күдікті Уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу амалдары жүргізілуде.