Мектеп мұғалімінің өліміне "күдікті" директордың үстінен әкімшілік іс қозғалды

Әріптестерінің айтуынша, марқұм қатты қиналған кезде құзырлы органдарға бірнеше рет шағымданбақ болған.

Мектеп мұғалімінің өліміне "күдікті" директордың үстінен әкімшілік іс қозғалды
Фото: дереккөз

Өскеменде №5 орта мектеп директорына қатысты алты әкімшілік іс қозғалды. Оған мектеп мұғалімі Әсем Нұрғалиеваның жазған арызы себеп болған. Мұғалімнің өзі осыдан біраз күн бұрын ауруханада бір апта бойы ес-түссіз жатып көз жұмды. Қазір білім ордасының басшысына қатысты марқұм Әсемнің әріптестері де шағымданып жатыр. Бұл туралы Paryz.kz "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Марқұм Әсем Нұрғалиева жұмысқа былтыр тамыз айында ғана орналасыпты. Әріптестерінің айтуынша, жұмысына тиянақты. Жауапты және еңбекқор болған. Бірақ қызметіне енді кіріскен маманды мұндағы мектеп директоры жақтырмай, қудалаған.

"Қатты күйзеліске түсуі деп ойлаймын. Басшының тарапынан қудалауға түскендіктен ол өте қатты күйзелісте болды. Мен өз көзіммен көріп жүрдім, Әсемді. Және де Әсем маған айтып жүретін. Үнемі айтып жүрді", - деді мектептің педагог-психологі Маржан Қанатбекқызы.

Әріптестерінің айтуынша, марқұм қатты қиналған кезде құзырлы органдарға бірнеше рет шағымданбақ болған. Бірақ директорды жеңе аламыз ба деген күдікпен көп жүрген.

Қазір мектептің өзге де ұстаздары басшысының әрекетіне қатысты құзырлы мекемелерге шағымдануда.

Алайда мектеп директоры мұның бәрін жоққа шығарып, жалған деп отыр. 

"Ол менингиттен қайтыс болды. Қайтыс болған анықтамасында солай жазылған. Мен өзімді кінәлі деп санамаймын. Арамызда ұрыс-керіс болған жоқ. Ешкімге қысым көрсеткен жоқпын", - ", - деді Өскемен қалалық № 5 орта мектеп директоры Наталья Карпова.

Әсем Нұрғалиева көз жұмардан бұрын білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне шағымданып барған . Тексерістен кейін арызында айтылған он бір түрлі шағым расталған.

Қазір марқұмның екі баласы жетім қалды. Әсемнің ағайындары, мектеп директорын жұмыстан шығарып қана қоймай мұғалім мәртебесінен айыруды талап етуде.

Қалалық білім бөліміндегілердің мәліметінше, Наталья Карпова бірінші мамырдан бастап директорлық қызметтен босатылады.

Бұған дейін Өскеменде мектеп мұғалімі көз жұмғаны хабарланды. Марқұмның туыстары мен әріптестері педагогтың өліміне мектеп директорын кінәлады.