"Іріңдей бастағанын да көрді": ауыл тұрғыны Павлодар қаласы дәрігерлерінің үстінен шағымданды (ФОТО)

Шағымға Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы жауап берді.

"Іріңдей бастағанын да көрді": ауыл тұрғыны Павлодар қаласы дәрігерлерінің үстінен шағымданды (ФОТО)
Фото: ашық дереккөз

Павлодар облысына қарасты Железин ауданының тұрғыны дәрігерлерге шағымдануда, деп жазады Paryz.kz.

Оның айтуынша, хирург оның ауылда тұратынын біле тұра, оперциядан кейін жарасы жазылмай, ауруханадан мәжбүрлі түрде шығарып жіберген.

Науқастың қызы анасының жағдайына алаңдаушылық білдіріп, әлеуметтік желідегі zhalobu_pavlodar парақшасында жазба жариялап, дәлел ретінде суретін де салды.

"Дәрігер біздің Павлодардан 200 шақырым жерде тұратынымызды және бізде хирург жоқтығын, фельдшер ғана бар екенін біледі. Сонда да жарасы жазылмаған күйі үйге шығарды. Тіпті, операция жасалған тұстың тігісі жазылуы былай тұрсын, ол жер іріңдей бастағанын да көрді. Дәрігерлер бір ауыз сөз айтпай дәкені тігістің ішіне салып, гипспен бекітіп, үйге жіберді", – деп жазды ол.

Бұл жазбаға бей-жай қарамаған желі қолданушыларының бірі жанашырлық танытып, кеңес берсе, енді бірі өз қызметіне салғырт қараған дәрігерлерге шара қолдану қажеттігін ескерткен.

Шағымға Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы жауап берді.

Ведомство өкілдері "бұл мәселеге қатысты қызметтік тергеу жүргізіледі" деп атап өтті. 

Сондай-ақ Павлодар қаласының №1 қалалық ауруханасы да шағымға қатысты тиісті шаралар қабылданатынын хабарлады.