Шымбұлақтағы қонақ үйде жасөспірімді ұрып-соққан күдікті ұсталды

"102" пультіне келген шақырту бойынша оқиға орнына патрульдік полиция мен жедел-тергеу тобы келді.

Шымбұлақтағы қонақ үйде жасөспірімді ұрып-соққан күдікті ұсталды
фото: ашық дереккөз

Алматыда Шымбұлақтағы қонақ үйде 14 жастағы жасөспірімді ұрып-соққан күдікті ер адам ұсталды, деп хабарлады paryz.kz, қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жасөспірім қонақ үйдің саунасында демалушылардың бірінің қолынан зардап шекті. "102" пультіне келген шақырту бойынша оқиға орнына патрульдік полиция мен жедел-тергеу тобы келді.

"Жасөспірімді ұрды деген күдікпен ҚР ҚК-нің 293-бабы ("Бұзақылық") бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған 1983 жылы туған азамат А.Ж. Мәдиев ұсталды. Жасөспірімнің алған дене жарақаттарының ауырлық дәрежесін анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды", - деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Дәурен Өтебаев.

Саунада демалған адамдардың карантиндік нормаларды бұзу фактісімен ӘҚБтК-нің 425-бабы бойынша әкімшілік материал тіркелді. Ол СЭС-ке жіберілді.