Теңіз кенішінде 5 автобус өртеніп кетті (ВИДЕО)

Сарапшылардың пікірінше, өрттің тұтануына автобустың мотор бөлігіндегі электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған.

Атырау облысындағы Теңіз кенішінде 5 автобус өртеніп кеткен, деп хабарлады paryz.kz

Оқиға кеше сағат 19:30-да Жылыой ауданында орналасқан Теңіз кенішінде болған.

"Бүгін "ССЕР" компаниясының автотұрағындағы автобустардың бірі өртенді. Өрт бірден жанында тұрған 4 автобусты шарпыды. Жалынды сөндіруге "Теңізшевройл" компаниясының өрт сөндіру қызметінен 30 қызметкер мен 3 техника жұмылдырылды. Өрт жергілікті уақытпен сағат 21:00-де толық жойылды", - деп хабарлады "ССЕР" компаниясының өкілі Орақ Бисембиев.

Белгілі болғандай, оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.

"ССЕР" компаниясы баспасөз қызметінің мәліметінше, қызметтік автобустар Теңіз вахталық қалашығындағы тұраққа сағат 19:00-де келіп, жолаушылар түсірілгеннен кейін қозғалысты тоқтатқан. Тұраққа қойылған автобустардың бірінің мотор бөлігінен шыққан өртті "ССЕР" компаниясының сигнал беруші қызметкері байқаған. "Алғашқы қызметтік тексеріс көрсеткендей, сигнал беруші артқы жақта тұрған автобустардың бірінің қозғалтқыш бөлігінен шыққан түтінді байқаған. Нұсқаулыққа сәйкес, ол дереу кезекшіге хабарлаған. Оқиға орнына "ССЕР" компаниясының өрт сөндіру командасы, сондай-ақ "Теңізшевройл" компаниясы апатқа қарсы құрамының қызметкерлері мен үш арнайы техникасы жедел жетті", - деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Алайда, секундына 15-20 метр күшпен соққан желдің екпінімен жалын жақын маңдағы автобустарға тез тараған. Соның салдарынан 5 автобус өртенген.

"Сағат 21.00-де өрт толығымен өшірілді. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрт сөндірілгеннен кейін оқиға орны қоқыстардан тазартылды. Компания қызметкерлері штаттық режимде қайта жұмыс істей бастады. Сарапшылардың пікірінше, өрттің тұтануына автобустың мотор бөлігіндегі электр сымдарының қысқа тұйықталуы себеп болған. Өрттің нақты себебін "ССЕР" компаниясы "Теңізшевройл" және мемлекеттік органдар өкілдерімен бірлесіп құрған жұмысшы комиссия анықтайды", - деп мәлім етті компаниядан.