Алматыда автобус жолындағысының бәрін жапырып барып, Mega park-ке соғылды

Апат салдарынан автобус жүргізушісі, Volkswagen Polo жүргізушісі мен 2 жолаушысы және жаяу жүргіншілер жолында тұрған 2 адам зардап шекті.

Алматыда автобус жолындағысының бәрін жапырып барып, Mega park-ке соғылды
фото: sputniknews.kz

Алматыда сенбі күні кешке Сейфуллин мен Төреқұлов көшелерінің қиылысында ірі жол апаты болды, деп хабарлады paryz.kz.

№123 автобус Hyundai Elantra көлігіне соғылып, оны жол жиегіне ұшырып жіберген. Бұған қоса, автобус жол-жөнекей электр қалқанын құлатып, бағдаршамның жануын күтіп тұрған екі адамды қағады. Әрі қарай автотұрақ аумағына өтіп кетіп, Mega park сауда орталығының қабырғасына барып соғылған. Осы орайда ол тұрақтан шығып келе жатқан Volkswagen Polo көлігін де соққан.

Апат салдарынан автобус жүргізушісі, Volkswagen Polo жүргізушісі мен 2 жолаушысы және жаяу жүргіншілер жолында тұрған 2 адам зардап шекті. Соңғы екеуі қазір ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.

Автобус жүргізушісінің не себепті рөлге ие бола алмай қалғаны әзірге белгісіз. Полиция жол апатының мән-жайын анықтап жатыр.