Жамбыл облысында 500-ге жуық қой суға ағып кетті

Жамбыл облысы Шу ауданында нөсер жауынның соңы селге ұласып, 500-ге жуық қой суға ағып кетті, деп хабарлады КТК телеарнасы.

Жамбыл облысында 500-ге жуық қой суға ағып кетті
Фото: видеодан скриншот

Телеарнаның хабарлауынша, 30 маусымда Шу аудынындағы Ақтасты елдімекенінің маңындағы таулы аймақта нөсер жауын селге айналып, шаруа қожалығының қойларын ағызып әкеткен. Суға кеткен шаруашылықтың иесі отардағы 485 қойдың жайылымда өліп жатқанын айтады.

Жергілікті әкімдік арнайы комиссия құрып, шығынды есептеп жатыр. Жайылымды аралап, екі жүзге жуық қойдың өлексесін тапқан. Шығынға батқан шаруаға мемлекеттен өтемақы төленбек.

485 бас мал шығыны болды деп өзі айтып отыр. Бірақ біз ауданның ветеринария қызметі және ауыл жастарымен өлген малдың өлексесін санағанда, 192 бас табылды. Бүгін тағы мал іздестіріп жатырмыз. Малдың бәрін тапқаннан кейін, оның базадағымен салыстырып, қанша шығын шеккені туралы комиссия құрылып, жұмыс жалғаса береді, – дейді Шу ауданы әкімінің орынбасары Бақыт Бетбаев.