Қапшағайда казино күзетшісін пышақпен ұрған жігіт ұсталды (ВИДЕО)

36 жастағы ер адамның пышақ жарақаттарымен түскенін полицияға Орталық аурухананың қабылдау бөлімінің қызметкерлері хабарлаған.

Қапшағай қаласының полиция қызметкерлері 21 жастағы жігітті казино күзетшісіне шабуыл жасады деген күдікпен ұстады, деп хабарлады paryz.kz, polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Полицияның мәліметінше, ұсталған азамат казино күзетшісіне пышақпен бірнеше рет соққы жасаған.

"Жарақат алған күзетші ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. 36 жастағы ер адамның пышақ жарақаттарымен түскенін полицияға Орталық аурухананың қабылдау бөлімінің қызметкерлері хабарлаған. Полиция қызметкерлері ауруханаға барып, факт расталды", - деді Қапшағай қаласы полиция бөлімі басшысының орынбасары Азамат Тұрғынбаев.

Тәртіп сақшылары іздеу жұмыстарына кірісіп, нәтижесінде күдікті ұсталған.

Полиция атап өткендей, ер адам шабуылдан кейін оқиға орнынан ізін суытпақ болған. Алайда ол қашып кете алмаған. Ұсталған азамат - Алматы облысы Талғар ауданының 21 жастағы тұрғыны.

Күдіктіге қатысты кісі өлтіруге оқталу фактісі бойынша тергеу басталған. Ол қамауға алынған және кінәсін мойындаған.