Түркістан облысында ер адам балаларын ұрлық жасауға мәжбүрлеген

Жетісай ауданында көпбалалы ана Адам құқықтары жөніндегі уәкілге шығымын айтты, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Түркістан облысында ер адам балаларын ұрлық жасауға мәжбүрлеген
фото: polisia.kz

Әйел өзінің және балаларының жүйелі түрде тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шегетінін, өздері үнемі бір бөлмеге тығылып отыратынын, күйеуінің оларға банк картасын пайдалануға рұқсат бермейтінін жеткізген. Отағасы барлық табысын ішімдікке жұмсап, балаларын ұрлық жасауға мәжбүрлейді екен.

Қазіргі уақытта әйел мен оның балалары «Көмек» дағдарыс орталығына орналастырылды.

Омбудсмен аудан мен ауыл әкімдіктері, полиция, Жетісай аудандық білім, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдері қызметкерлерінің қатысуымен кеңес өткізіп, жиын барысында қатысушыларға нақты тапсырмалар берді. Сонымен қатар тұрғындардың кез келген проблемасына бейжай қарамауға шақырды.

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл шенеуніктердің өз жұмысына немқұрайлы қарауынан 5 балалы ананың қиын жағдайға тап болғанын айтып, Түркістан облысы бойынша өкілі құқық бұзушылықтар үшін лауазымды тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау жөнінде құзырлы органдарға ұсыныс жолдады.