БҚО-да күшті жел 55 ауылды жарықсыз қалдырып, бірнеше ғимараттың шатырын жұлып әкетті

Батыс Қазақстан облысында үш ауданда 55 ауыл апаттық жағдайда электр желісінен ажыратылды.

БҚО-да күшті жел 55 ауылды жарықсыз қалдырып, бірнеше ғимараттың шатырын жұлып әкетті
Фото: pixabay.com

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, екпіні секундына 25 метрге дейін жеткен күшті желдің салдарынан 16 903 абонент, сондай-ақ 192 әлеуметтік нысан электр жарығынсыз қалды.

Атап айтқанда, Теректі ауданында — 1 752 абонент пен 19 әлеуметтік нысан, Бөрліде — 11 756 абонент пен 74 әлеуметтік нысан, Шыңғырлауда — 3 395 абонент пен 99 әлеуметтік нысан жарықсыз отыр. 

«Сонымен қатар күшті жел Теректі ауданы Жаңа өмір ауылында Шаған ауылдық округі әкімдігінің бір қабатты ғимаратының 40 шаршы метр (жалпы ауданы — 288 шаршы метр, 1974 жылы салынған) шатырын жұлып түсірді. Сол секілді Кемер ауылында қос қабатты мектеп ғимаратының 60 шаршы метр шатыры (жалпы ауданы — 911 шаршы метр, 1993 жылы салынған), Аңқатыда дәрігерлік амбулатория, Подстепныйда Подстепный-Теректі-РФ шекарасы жолы бойында „Зере“ азық-түлік дүкені, Тоқпай ауылында үш қабатты көппәтерлік тұрғын үй осындай күйге ұшырады» деп хабарлады ведомстводан. 

Қазіргі кезде осындай оқиғалардың жай-жапсары анықталып жатыр.