Еңбекшіқазақ ауданында жаттықтырушы шәкіртін ұрып, мұрнын сындырған

Жаттықтырушының сөзінше, жаттығу залын тазалау кезінде оның жанына шәкірттері мен оның досы келіп, дөрекі сөйлей бастаған...

Еңбекшіқазақ ауданында жаттықтырушы шәкіртін ұрып, мұрнын сындырған
фото: ашық дереккөз

Алматы облысында бокс жаттықтырушысы 16 жастағы оқушыға қол көтерді, деп хабарлады paryz.kz, облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

26 қаңтарда Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімінің кезекші бөліміне мұрын сүйектерінің сынуы диагнозымен ауруханаға түскен жасөспірім туралы хабарлама келіп түскен. Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 107-бабы, 2-бөлігі ("Денсаулыққа орташа ауырлықтағы қасақана зиян келтіру") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

"Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, Еңбекшіқазақ аудандық полиция бөлімінің полиция қызметкерлері қылмыстық құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен жәбірленушінің 34 жастағы жаттықтырушысын ұстады. Жаттықтырушының сөзінше, жаттығу залын тазалау кезінде оның жанына шәкірттері мен оның досы келіп, дөрекі сөйлей бастаған. Содан кейін жаттықтырушы шыдай алмай, оның бетінен ұрып жіберген. 201-бапқа сәйкес, басқа мәліметтер Қылмыстық іс жүргізу кодексі бойынша тергеу мүддесі үшін жариялануға жатпайды", - деді Еңбекшіқазақ аудандық полиция басқармасының басшысы Талғат Сейілханов.