Науқас әйел Көкшетау әкімдігінің маңына "бомба қойған"

Анықталғандай, 46 жастағы әйел 2018 жылдан бері "босанғаннан кейін мінез-құлқының бұзылуы" диагнозымен психиатр дәрігердің есебінде тұр екен...

Науқас әйел Көкшетау әкімдігінің маңына "бомба қойған"
фото: inform.kz

Көкшетау қаласы әкімдігінің ғимаратына бомба қойылғаны туралы ақпаратқа байланысты әкімдік қызметкерлері эвакуацияланды, деп хабарлады paryz.kz, ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қаңтардың 30-ында Көкшетау қаласындағы жедел басқару орталығының "102" арнайы желісіне 46 жастағы жергілікті тұрғын хабарласып, қалалық әкімдіктің маңына бомба қойылғанын хабарлаған.

Ведомствоның баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчуктің айтуынша, "бомба қойылған" әкімдіктегі бірқатар қызметкерлер эвакуацияланған. Бірақ Полиция департаментінің жарылғыш заттармен жұмыс істейтін техник-мамандары әкімдік ғимараты маңынан жарылғыш затты таппады.

Анықталғандай, жалған хабар берген 46 жастағы әйел 2018 жылдан бері "босанғаннан кейін мінез-құлқының бұзылуы" диагнозымен психиатр дәрігердің есебінде тұр екен.

"Қазіргі кезде осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК-нің 273-бабы ("Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау" бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары қолға алынды", - деп толықтырды Гүлнәр Пинчук.