Алматыда хостел өртеніп, 13 адам көз жұмды

Бүгін таңертең Алматыдағы хостелдердің бірінде өрт шықты. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер 13 адамның мәйітін тапты. Қазір олардың өлімінің себебі анықталып жатыр, - деп хабарлайды Paryz.kz қалалық ТЖД-ға сілтеме жасап. 

Алматыда хостел өртеніп, 13 адам көз жұмды
фото: ТЖД

Қалалық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, хостелдегі өрт туралы хабарлама таңғы 05:33-те келіп түскен. Өрт сөндірушілердің алғашқы құрамы оқиға орнына 7 минут ішінде жетті.

Белгілі болғандай, өрт үш қабатты ғимараттың жертөлесінен шығып, бірінші қабатты да шарпыған.

Алдын ала есептеулер бойынша өрттің жалпы ауданы 30 шаршы метрді құрайды. Сағат 06:22-де өрт толығымен сөндірілді. 

"Барлау және өртті сөндіру барысында 13 адамның мәйіті табылды. Қазір олардың кім екені анықталып жатыр. Алдын ала болжам бойынша олар көміртегі тотығымен улану салдарынан қаза тапқан", - делінген департаменттің хабарламасында. 

Өрт кезінде хостелде барлығы 72 адам болған, олардың 59-ын эвакуациялап үлгерген. Өртті ауыздықтауға 46 адам мен 13 бірлік ТЖД техникасы жұмылдырылды. 

"Өрт пен өлімнің себебі анықталуда. Соған сәйкес, ақпарат тағы да толықтырылатын болады", - деді ТЖД өкілдері.