Шаңғыдан қазақстандық чемпион балықтан келе жатып жол апатына түсті

Сондай-ақ, спортшы Азия ойындарында 3 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған. 

Шаңғыдан қазақстандық чемпион балықтан келе жатып жол апатына түсті
фото: ашық дереккөз

Ақмола облысының Полиция департаменті қазақстандық шаңғышы Николай Чеботьконың өліміне қатысты ақпарат таратты, деп хабарлады paryz.kz, sputnik.kz-ке сілтеме жасап.

Бұған дейін хабарланғандай, спортшы Көкшетау-Бурабай тас жолында жол апатынан көз жұмды. Көлікті өзі жүргізіп келе жатқан. Жол апаты жексенбі, 24 қаңтарда сағат 01:20-да Бурабай курорттық аймағында болған.  

Полицейлер Көкшетау-Бурабай тас жолының сегізінші шақырымында Mercedes Benz 500G көлігінің 38 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, ағашты соққанын анықтады. Ер адам оқиға орнында көз жұмған.

Басынан жарақат алған 1984 жылғы жолаушы аудандық ауруханаға жеткізілді. Оның айтуынша, Николай екеуі "Үлкен Шабақтыдан" балық аулап қайтып келе жатқан.

Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі өндіріс басталды, сот-медициналық сараптама тағайындалды, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Айта кетсек, Николай Чеботько 1982 жылы 29 қазанда Щучьеде туған. Шаңғы спортынан 2013 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, төрт бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан спортшы, Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген спорт шебері. 

Үлкен спорттағы ең ірі жетістігіне Чеботько 2013 жылы қол жеткізді. Ол сол жылы Валь-де-Фьеммеде өткен әлем чемпионатында командалық спринт бойынша үздік үштікке енді. Сондай-ақ, спортшы Азия ойындарында 3 алтын, 4 күміс және 2 қола медаль жеңіп алған. 

Әлем кубогі кезеңдерінде 2001 жылдан бастап сынға түсті. 2012 жылы Квебектегі әлем кубогі кезеңінде Денис Волоткамен бірге тарихи алтын жүлдені иеленген. Ол бірнеше рет ел чемпионатында көзге түсіп, өмірінің соңына дейін шаңғы жарыстарында бақ сынады.