Оралда жол-көлік апатынан екі адам қаза тапты

Оралда жеңіл көліктің жүк көлігіне соғылуы салдарынан екі адам қаза тапты, деп хабарлайды Paryz.kz. 

Оралда жол-көлік апатынан екі адам қаза тапты
фото: mgorod.kz

«Мой город» порталының жазуынша, қайғылы оқиға 14 қарашада сағат 18:30-да айналма тасжолда болған.

«Жанармай құю бекетіне қарама-қарсы жерде Lada Largus көлігінің 1990 жылы туған жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып кетіп, сол жерде 1988 жылы туған жүргізуші басқарған DAF көлігімен соқтығысқан. Lada көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы (1987 жылы туған) оқиға орнында көз жұмды», - делінген БҚО полиция департаменті хабарламасында.

Қазіргі кезде ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі «Абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.

Марқұмдардың мәйіттері сот-медициналық сараптамаға жіберілді.