Дәрігерлер инемен науқастың жүрек қабын тесіп, аман алып қалды

Шымкент қалалық №2 ауруханасында дәрігерлер 63 жастағы ер адамды ажалдан аман алып қалды. Науқас бірнеше күн бұрын жедел жәрдем бригадасымен ауруханаға түскен. Оның жағдайы өте қиын болған.

Дәрігерлер инемен науқастың жүрек қабын тесіп, аман алып қалды
Фото: vlast.kz

Otyrar.kz-тің хабарлауынша, қабылдау бөлімінде лабораториялық зерттеулер жүргізіліп, жүрек УДЗ (УЗИ) жасалды. Тексеру кезінде науқаста перикардта нормадан тыс көлемде сұйықтық жиналғаны анықталды. Перикард дегеніміз жүректің сыртындағы қап. Ішіне ауру салдарынан көп мөлшерде сұйықтық жиналған, кез келген уақытта сұйықтық көбейіп жүректі қысып қалуы мүмкін еді. Науқасқа «Идиопатический перикардит. Тампонада сердца» диагнозы қойылды. Тез арада жансақтау бөліміне жатқызылып, перикардиоцентез жасалынды. Яғни, ине арқылы жүрек қабы тесіліп сұйықтық сыртқа шығарылды. Бұл өте қиын процедура болды.

Науқас жансақтау бөлімінде үш күн жатып, кардиология бөлімшесіне ауыстырылған. Қазір 63 жастағы ер азамат өзін жақсы сезінуде. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы жақсарып, алдағы күндері үйiне барады. Білікті мамандардың дер кезіндегі жасалған көмегі арқасында науқастың өмірі аман қалды.