Ұлытаулық жігіт қалыңдығы мінген көлікті соғып, тасжолдан аударып жіберген (ВИДЕО)

Ұлытау өңіріндегі Қаражал қаласының тұрғыны 28 жастағы қалыңдығы мінген көлікті соғып, жол жиегіне шығарып жіберген. Қыз қаза тапты. Ал ұлытаулық азамат жантүршігерлік қылмысты жасады деген күдікке ілінді. Бұл туралы Патриот Telegram-арнасы хабарлады.

Қаражал-Қарағанды тас жолында болған қайғылы оқиғаның мән-жайын 28 жастағы марқұм Арайлымның туыстары хабарлады. Олардың айтуынша, күйеу бала оны күнде ұрып-соғады екен. Неке қиылғанға дейін олар Қаражал қаласында бірге тұрған. Қайғылы оқиғадан сәл бұрын қыз ата-анасына телефон соғып, өзін алып кетуді өтінген. Бірақ оны үйіне алып бара жатқанда, Қаражалдан Қарағандыға қарай шыға берістегі тасжолда мас күйеу жігіт оларды тоқтатып, көліктерінің терезелерін темір құбырмен сындырған.

Көлікті жүргізіп келе жатқан қыздың ағасының досы кері бұрылып, Қаражалға қайта жөнелген. Алдыңғы әйнегі сынған олар полицияға бет алған. Алайда ішімдікке сылқия тойып алған ер адам көлігіне отырып, соңынан қуған. Бірнеше рет олардың көлігінің артқы бамперін және сол жақ қанатын соққан.

Ол көлікті жол жиегіне шығарып жібергісі келді. Сосын көлігіміз арыққа түсіп кетті, - дейді қыздың туыстары.

Салдарынан көлік аударылып қалған. Қалыңдық сол жерде қаза тапты. Ал оның анасы мен ағасы екі досымен бірге жарақат алған.

6 қыркүйекте марқұмның бірге тұратын күйеу жігітін уақытша ұстау изоляторына орналастырдық. Көліктің неліктен жолдан шығып кеткенін нақты білу үшін лак-бояу сараптамасының қорытындысын күттік. Қазір тергеушінің қолында күдіктінің көлігінің жәбірленушілер көлігінің бамперіне және сол жақ қанатына механикалық соққы бергені туралы сараптама қорытындысы бар. Ол изоляторға орналастырылды.

Сондай-ақ тергеуші Қылмыстық кодекстің 345-бабы («Жол қозғалысы ережелерін бұзу») деген квалификацияны 99-бап («Адам өлтіру») және 24-99-баптар бойынша («Үш жәбірленушіні өлтіруге оқталу») деген квалификацияға өзгертті. Бұл істің тергеуін жеке бақылауыма аламын», - деді Ұлытау облыстық ПД бастығы Қайыркен Әлиев.