ШҚО-да үш жігіт такси жүргізушісін ұрып-соғып, көлігін мініп кеткен

"Жаралы ер адам жол бойындағы көліктерді тоқтатуға тырысып, көмек сұраған. Алайда көліктердің көбі оған тоқтамаған. Тек Газель жүргізушісі ер адамға қауіп төніп тұр деп ойлап, тоқтаған", - деді полиция.

ШҚО-да үш жігіт такси жүргізушісін ұрып-соғып, көлігін мініп кеткен
фото: дереккөз

Шығыс Қазақстан облысында үш ер адам такси жүргізушісін ұрып-соғып, өзін көлігімен қоса ұрлап әкеткен, деп хабарлады paryz.kz, облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға Жаңа жыл қарсаңында болған. Полицияға Ұлан ауданы Бестерек ауылының тұрғыны белгісіз адамдар күйеуін ұрып-соғып, Nissan Note көлігін иемденіп кеткенін айтып шағымданған.

Тәртіп сақшылары үш жігіттің күндіз Меновное ауылынан (Өскемен) таксиге тапсырыс бергенін анықтады. Жолаушылар өздерін қаладан тыс жерге жеткізуді сұраған. Алайда такси жүргізушісі қалааралық тасымалдаумен айналыспайтынын, қалааралық таксиге тапсырыс беру керектігін айтқан. Соның өзінде олар такси жүргізушісін бағытын өзгертуге көндіріп, Ұлан ауданының Бестерек ауылына жол тартқан.

"Өскемен-Самар тас жолында қаскүнемдер такси жүргізушісін жаралап, көліктің артқы орындығына салып алып кеткен. Алайда жәбірленуші көліктен секіріп түсіп, әйеліне қоңырау шалып: "Мені ұрлап кетті. Көмектес!" деп хабарлама жазған. Әйел бұл туралы тәртіп сақшыларына хабарласқан.

Жаралы ер адам жол бойындағы көліктерді тоқтатуға тырысып, көмек сұраған. Алайда көліктердің көбі оған тоқтамаған. Тек Газель жүргізушісі ер адамға қауіп төніп тұр деп ойлап, тоқтаған", - деді полиция.

Полиция жаралы такси жүргізушісін Тарғын ауылынан тапты. Сондай-ақ, 24-34 жас аралығындағы үш ер адам ұсталды. Олардың екеуі бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылған.

Құқық қорғау органдары көлікті иесіне тапсырды. 

"Аталған факті бойынша Қылмыстық Кодекстің 200-бабы, 3-бөлігі ("Автомобильді немесе өзге де көлік құралдарын ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену") 125-бабы, 2-бөлігі, 1-тармағы ("Адам ұрлау") бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдіктілер қамауға алынды", - делінген хабарламада.