Назарбаев көшесінде зейнеткер ыстық су құбыры жарылған шұңқырға құлады

Ол қалалық №1 ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі жағдайы ауыр...

Назарбаев көшесінде зейнеткер ыстық су құбыры жарылған шұңқырға құлады
фото: дереккөз

Павлодар тұрғыны жарылған ыстық су құбырын жөндеу жұмыстары кезінде жылу жолының шұңқырына құлап кетті, деп хабарлады paryz.kz, Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

Павлодар облысы полициясының хабарлауынша, оқиға 7 қаңтар таңғы сағат 08.50-де Чокин көшесі мен Назарбаев даңғылының қиылысында болған. Павлодардың 63 жастағы тұрғыны абайсызда жылу жолының шұңқырына құлап кетіпті. Салдарынан күйік шалған қала тұрғыны ауруханаға жеткізілді.

Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Темірғалиева сайт тілшісіне жедел жәрдемнің сағат 08:54-те шақырылғанын хабарлады. 1957 жылы туған әйелдің аяқ-қолының 45%-ы күйіп қалған. Ол Павлодар қалалық №1 ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазіргі жағдайы ауыр.