Баспасөз қызметінің хабарлауынша, марқұм 19 шілдеде мал жайып жүргенде туыстарымен байланысы үзілген.
Келесі күні елді мекеннен 5 шақырым жерде, жазық даладан оның денесі табылды. Марқұмның денесінде зорлық-зомбылықтың ізі көрінбеді. Оның жанында жеке заттары мен ұялы телефоны болған, - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында барлық қажетті тергеу әрекеті мен сараптамалар жүргізіліп, жігіттің өліміне басынан соққан найзағай себеп болғаны анықталды. Сондай-ақ оның астындағы аты да қатар өлген.
ТЖД қызметкерлері тұрғындарға мынадай ескерту жасады:
найзағай болған жағдайда мұржалар мен желдеткіштерді, сондай-ақ терезелер мен есіктерді жабу қажет; найзағай бағандар арасында тартылған сымдарға жиі тиетінін есте сақтаған жөн. Сондықтан найзағай кезінде телефонмен сөйлеспеген дұрыс; терезеге, электр сымдарына, жайтартқыштарға, шатырдағы суағарлар мен антенналарға жақындамаған абзал; мүмкіндігінше теледидар, радио және басқа да тұрмыстық электр құралдарын өшіру қажет; орманды жерде күн күркірегенде төмен орналасқан учаскеге, атап айтқанда, сайға түсу керек; ұзын ағаштардың, әсіресе қарағай, емен, теректердің жанында найзағайдан тығылуға болмайды; найзағай кезінде суда немесе судың жағасында тұрмаған жөн.